Астанада логистикалық қойма ашылды. Жаңа нысандағы азық-түлік бүгіннен бастап, өңірлерге тасымалданады.
Кәсіпорынның бөлімшелері еліміздің 8 облысында жұмыс істейді.
Осыған дейін Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына тауар тасымалдау қиын болған, яғни, сақтайтын орын болмаған. Сол себепті екі облысқа да жақын болу мақсатында қойма бас қаладан ашылды.
Аумағы 6 300 шаршы метр болатын нысан заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Іштегі температура ет-сүт өнімдерін сақтауға өте қолайлы. Мамандардың айтуынша, мұнда 10 мың тонна азық-түлік сақтап, оны екі айда өңірлерге жеткізуге мүмкіндік мол.
Жангелді Тұрғымбаев, кәсіпорын басшысы:
Бізге бүкіл әлемнен қой, сиыр, тауық еттері, сыр және май өнімдері жеткізіледі. Онымен қоса, отандық тауарлар да келеді. Біз сұраныс білдірген облыстарға осы азық-түліктерді жеткізіп береміз. Жаңа нысанда қазір 120 адам еңбек етеді. Жалақылары тұрақты. Алдағы уақытта сұраныс көлемі артса, жұмысшылар саны да көбейеді, деген ойдамын.
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ