Бүгін әлем елдері Қазақстан бастамасы бойынша жарияланған халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтуде. Сағат 11:05-те ядролық қарудан зардап шеккендер құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды.
1991 жылы дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әлемдегі көлемі бойынша екінші саналатын Семей ядролық полигоны жабылды.
Ал, 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні ретінде жариялау туралы Қазақстанның қарарын бірауыздан қабылдады.
Ал, ядролық қарулардың сынағына қарсы халықаралық күн алғаш рет 2010 жылы атап өтілді.
Бүгін Сыртқы істер министрлігінің өкілдері өткізген брифингте де бұл дәстүрден жаңылмай, жойқын қару зардабын тартқандар құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды.
Сондай-ақ, Президент бастамасымен қолға алынған «АТОМ» жобасы аясындағы жұмыстар туралы да ақпарат айтылды.
Барлыбай Садықов, ҚР СІМ айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі:
Бұл бастама қолға алынған екі жылдың ішінде ел ішімізде және халықаралық деңгейде маңызды шаралар атқарылды. Бүгінде «АТОМ» жобасы аясындағы theatomproject сайтындағы петицияға әлемнің 100-ге жуық елінен 100 000 адам қол қойды.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ