Инвестиция және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев бүгін Мәжіліс отырысына «Ақпараттандыру туралы» Заң жобасын алып барды.
«Ақпараттық коммуникация саласы күн сайын өзгеріп жатыр. Интернет-бизнес, интернет-БАҚ пайда болды. Қолданыстағы «Ақпараттандыру туралы» Заң осындай өзгерістерге ілесе алмауда. Бұл ІТ саланың дамуын тежейді. Сондықтан, жаңа жобаны түздік»,- деді вице-министр.
Бұл құжат мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытады.
Сондай-ақ, жаңа құжат бойынша ғаламторда Заңға қайшы әрекет жасаған адам өз ісі үшін жауапқа тартылады.
Жаңа құжат мақұлданса, 6 Кодекске, 19 Заңға өзгерістер қоса енгізіледі.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Инвестиция және даму вице-министрі:
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - электронды Үкіметтің құқықтық базасын қалыптастыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығының дамуын мемлекеттік қолдау, мемлекеттік органдардың қызметін бизнес пен халық үшін ашық ету, ақпараттық қоғамға көшуге жағдай жасау және ақпараттық қауіпсіздікті құқықтық реттеуді жетілдіру.
Нұрбек БЕКБАУ