«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жас буынға тәрбиесі мол игі бастама. Бұл туралы бүгін «Қазақстан» Орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінің алдында Ақмола облысынан жеңімпаз танылған Дәулетхан Мұқашев айтты.
«Біз мұғалімдер әулетіненбіз. Атамыздан бастап білім беру саласын кәсіп еткен әулетіміздің жалпы педагогикалық өтілі 540 жылға жетіп отыр. Бүгінде әкемнің інісінің де отбасы осы салада еңбек етіп жүр. Оқытушылық кәсіпті біздің әулетіміз негізінен Ақмола облысы Ақкөл ауданында абыроймен атқарып келеді деп айта аламын», - деді Д. Мұқашев.
Айта кетейік, Мұқашевтардың үшінші және төртінші ұрпағы қазіргі уақытта отбасы дәстүрін лайықты жалғастыруда. Олар мемлекет қолдауының арқасында ғылыммен айналысуға және Ұлыбритания, Германия, сондай-ақ, Ресейдің үздік білім беру орталықтарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды
«Осы шараның ұйымдастырылып отырғанына Елбасымызға үлкен алғыс айтқым келеді. Өйткені отбасы құндылықтарына айрықша мән берілуде. Жалпы елімізде осы тектес маңызды шаралар жас ұрпақтың тәрбиесіне мол өнеге деп білемін», - деді ол.
ҚазАқпарат