Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі

19.09.2014
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі

Мемлекет басшысының «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзі.

Қымбатты отандастар!

Баршаңызды елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауымен құттықтаймын. Менің Жарлығыммен қыркүйектің екінші жексенбісі былтыр «Отбасы күні» мерекесі болып белгіленді. Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық, әрбір шаңырақтың шаттығы – «Қазақстан-2050» Стратегиясының ең басты мақсаттарының бірі.

Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз. Бұл демографиялық ахуалға оң әсерін тигізуде.

Тәуелсіздік кезеңінде елімізде 6 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Соңғы жылдары халқымыздың саны 14,8 миллионнан 17 миллионға артты. Тек өткен 1 жылдың өзінде 254 мың адамға көбейдік. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл тұтас Қостанай қаласының халық санымен пара-пар. Статистика бойынша елімізде әрбір 90 секунд сайын дүние есігін жаңадан ашқан сәбидің іңгәлағаны естіледі.

Соңғы 20 жылда елімізде 1000 білім ордасы мен 800 денсаулық сақтау нысаны салынды. Бұрын-соңды Қазақстанда ешқашан жасалмаған күрделі операциялар қолға алынды. Соның нәтижесінде ел азаматтарының орташа өмір ұзақтығы 70 жастан асты. Біз әлемдегі ең жас халықтардың біріміз. Ел тұрғындарының орташа жасы – 26. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 36, Еуропа Одағында 41 жас. Барлық көрсеткіштер бойынша біз – өсіп, өркендеп келе жатқан жас елміз. Бұл біздің кезінде дұрыс таңдау жасағанымыздың, қазір дұрыс бағытқа бет алғанымыздың айқын көрінісі.

Қымбатты қазақстандықтар!

Мен сіздерді «Мерейлі отбасы» тұңғыш жалпыұлттық байқауының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Бұл барлық 17 миллион қазақстандықтардың ортақ салтанаты.

Біздің еліміз – бәріміз бірге біртұтас отбасы ретінде құрып жатқан бейбітшілік пен келісімнің үлкен де берік үйі. Онда біздің балаларымыз, немерелеріміз және барлық келер ұрпақ қауіпсіз, молшылықта және әл-ауқатты өмір сүруі үшін оны ғасырларға арнап тұрғыздық. Әркімнің басында баспанасы, оқуға, денсаулығын нығайтуға, лайықты жұмыс істеуге, дастарқанында ыстық нан болу мүмкіндігін қаладық. Бұл халықта болуы мүмкін ең қымбат дүниелер.

Бүгінгі мерекенің терең мәні бар. Біріншіден, жердегі өркениеттің бүкіл хронологиясы – кез келген қоғамның негізі ретіндегі Адамзат Отбасының Ұлы тарихы. Екіншіден, отбасы – өте ұлы құндылық. Мыңжылдықтар мен ғасырлардан бері отбасы әрбір қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан моральдық салттардың, ұлттық дәстүрлердің сақтаушысы  болып табылады. Үшіншіден, отбасы – өз халқыңа, оның мәдениеті мен тұрмысына деген сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнар көзі. Ол ата-аналар, балалар мен немерелер бақытының призмасы арқылы өтетін патриотизм мен Отанның өркендеуіне деген мәңгілік қамқорлықтың қайнар көзі. Ол ұрпақтардың ғасырлық өзара байланысы. Төртіншіден, ХХІ ғасырда жаһандану дәуірі отбасы мен бақытты неке құндылықтарын прогрестің маңызды шарттары етеді. Оны қазіргі заманғы әлемнің барлық табысты елдерінің тәжірибелері айғақтайды.

Қымбатты достар!

«2050 Стратегиясында» біз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жөнінде орасан зор мақсат қойдық. Бұл тек іс-қимыл жоспары ғана емес. Біз ел болашағының, әрбір отбасы болашағының бағдарын көрсетіп отырмыз. ХХІ ғасырдың ортасында отбасыларының басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүрген елдер ең дамыған мемлекеттер болып шықпақ. Олар балаларын тәрбиелеп, оларға сапалы білім беріп, аға буынға қамқорлық танытып, саламатты өмір салтын ұстанбақ.

Қазақстанды жасампаздандыра және нығайта отырып, қысқа мерзімде орасан зор жұмыстар тындырдық. Біз елді өзгерттік, бүгінде көзқарастары мен болашаққа ұмтылыстары жаңаша мүлде жаңа буын өсіп келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде, қиындықтар мен жаһандық дағдарыстарға қарамастан, қазақстандықтар табысы 16 еседен астамға артты. Мемлекеттің білім беру мен денсаулық сақтауға қаржылай шығындары 10 есеге ұлғайды. Біз қазақстандықтардың сенімді жұмысы және лайықты еңбекақылары болуы үшін индустрияландыруды жүргізудеміз, жаңа кәсіпорындар салудамыз. Шағын және орта бизнеске қолдау жасау арқылы біз өз істерін жүргізіп жатқан жүздеген мың қазақстандық отбасылары үшін жаңа  мүмкіндіктер ашудамыз.

Біз тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын шамамен алты миллион шаршы метр тұрғын алаңдар іске қосылады. Бұл өте атап көрсетерліктей цифрлар. Оның үстіне, ХХІ ғасырда әлем бұрынғыдан бетер күрделенуде. Онда не болып жатқанын өздеріңіз қараңыздар! Көптеген елдердің экономика мен мәдениетке мұршалары да жетпей жатыр! Өйткені, онда ең бастысы – бейбітшілік, келісім мен қауіпсіздік жоқ!

БҰҰ-ның бағалауынша, әлемде 100 миллионнан астам үйсіздер бар. 12 миллион бала баспанасыз өмір сүруде. 1,5 миллион адам электр қуаты, су құбыры мен канализациясы жоқ лашықтарда өмір сүруде. Ал бізде соңғы жылдары жүздеген мың отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Осының бәрі біздің тек өз азаматтарымыздың әл-ауқаты туралы ғана ойлап, дұрыс бағыт таңдағанымыздың және бәрін дұрыс жасап жатқандығымыздың ең бір сенімді дәлелі. Біз бұл жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз. Біздің табысты алға басу формуламыз әр отбасының әл-ауқаты – ол бүкіл Қазақстанның өркендеуі мен табысы деп аталатын қарапайым ақиқатқа негізделген.

Бүгінде бізге отбасын нығайтуда, ана мен баланы қорғауда, қарттықты лайықты қамтамасыз етуде неғұрлым тиімді мемлекеттік саясат қажет. Біз құрып жатқан жалпыға ортақ еңбек қоғамы жалпыға ортақ әлеуметтік жауапкершілік қоғамы болуы тиіс. Әлеуметтік әл-ауқаттың көптеген көрсеткіштері бойынша Қазақстандағы жағдайдың өзгелерге, тіпті әлемнің ең дамыған елдеріне қарағанда, біршама жақсы болу фактісі біздің тыныштануымызға негіз болмауы керек.

Өкінішке қарай, қоғамда орын алып отырған кейбір қолайсыз фактілерді де көзден таса қылуға болмайды. Әңгіме жыл сайын шамамен мың жарымдай қазақстандық балалардың жетімдікке душар болатыны жөнінде болып отыр. Бүгінде Қазақстанда күтімсіз қалған 34 мыңдай жетім балалар мен басқа да балалар бар. Көбінің ата-аналары тірі. 149 мыңдай баланың даму мүмкіндіктері шектеулі, біздің қолдауымызға зәру. 7 мыңнан астам егде жастағы адамдар қарттар үйінде тұрады, ал олардың көпшілігінің дендері сау және табысты балалары бар. Туған балаларын немесе ата-аналарын тастап кету жағдайын қоғам ұятты көрініс ретінде бағалауы керек.

Бұл – біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, алдын кесіп өтпеген. «Жұмақ – ананың табанының астында» деп, анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп, ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Біз қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ пен баласынан жеритін көкек ана бізде ешқашан болмаған. Бұл – біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет.

Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда ұрпағыңнан соны көресің. Бұл – халқымыздың өмірлік қағидасы, ғасырлар бойы мызғымаған отбасылық құндылықтарының негізі. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір адамның қасиетті борышы.

Бізді халық арасында нашақорлық пен алкоголизмнің тарау деңгейі, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны алаңдатпай қала алмайды.

Бүгінде жастар бойында моральдық өнегелілік және рухани құндылықтарды қалыптастыру көкейкесті проблема болып отыр. Тіпті қолайлы деген отбасылар балалары мен жеткіншектері де күмәнді жалған діни ағымдар ықпалына түсіп кетіп жатады.

Бұл уақыттың сынқатері. Сондықтан олар мемлекет пен қоғамнан жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді.

Бірінші. Қазақстан Республикасында 2015-2020 жылдарға дейінгі отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани өнегелілік құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеу қажет. Ол қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ-тың қатысуымен жұмыстардың бүкіл кешендерін қарастыруы тиіс. Президент Әкімшілігі мен Үкіметке екі ай мерзімде ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Екінші. Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия осы маңызды жұмыстың басты ойлау орталығы мен жан дүниесіне айналуы тиіс. Комиссия құрамын нығайтып, оның жұмысына азаматтық қоғамның беделді өкілдерін қосымша тарту қажет. Осы мәселені ойластыруды Президент Әкімшілігіне тапсырамын.

Үшінші. Отбасылық-некелік қатынастар, бала құқықтары, бала тәрбиелеудегі ата-аналар жауапкершілігін арттыру, қартайған ата-аналарды кәмелет жастағы балалармен қамтамасыз ету туралы заңнамалық базаны одан әрі дамыту. Қарт адамдар жұмысқа тұрғанда, жасына байланысты қысым көрсетудің басқа да түрлерінен қорғаудың заңнамалық тетіктерін енгізу мәселесін қарастыру керек. Жетім балаларды асырап алған және тәрбиелеп отырған азаматтар үшін қолайлы құқықтық ортаны күшейту қажет. Мұндай отбасылар мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің жан-жақты көмек көрсететін нысанына айналуы тиіс. Жыл сайын жетімдер үйлерінен балаларды асырап алатын адамдар санының өсіп келе жатқаны қуантады. Отбасындағы патронаждық тәрбие, күтім мен қамқорлыққа алу тәжірибесін кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайту қажет. Көптеген елдерде қамқорлықсыз қалған балаларды уақытша орналастыратын «қонақжай отбасылар» тәжірибесі бар. Біз де осы тәжірибені ескеруіміз керек.

Төртінші. Отбасын, ананы, баланы және адамдардың қарттығын лайықты қамтамасыз етуді қолдау инфрақұрылымын жоспарлы түрде дамыту. Бірінші кезекте қоғамдық негізде Бала құқы жөніндегі уәкіл институтын құру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Қамқорлықсыз қалған жетім балалардың бірегей жалпыұлттық мәліметтер базасын қалыптастыру қажет. Жас отбасыларға, жалғыз басты аналарға, балаларға, қарт адамдарға жан-жақты ықпал жасау жөнінен мемлекет-жеке меншік әріптестігі негізінде жұмыс істейтін институттар желісін дамыту қажет.

Бүгінде біздің елімізде жаңа босанған аналар үшін – «Аналар үйі» дағдарыстық орталықтар желісін құру тәжірибесі бар. Осы бастаманы қолдау қажет. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемелерді дамыту – айрықша мәселе. Үкімет пен өңір әкімдері алдына 2015 жыл ішінде мүгедек балаларға арналған арнаулы мектептерді мультимедиялық оқыту құралдарымен, интерактивті тақталармен 100 пайыз жарақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бесінші. Отбасылық-өнегелілік құндылықтарды нығайту жөніндегі ақпараттық жұмыстарды күшейту қажет. Қоғамда маскүнемдік пен алкоголизм, темекі шегу мен нашақорлық, отбасылық борышқа жауапсыз қарау, үлкендерді сыйламау сияқты теріс көріністерге төзбестік ахуалын үнемі тудырып отыру маңызды. Барлық БАҚ-тарды осы жұмысқа белсенді қосылуға, нағыз ынтымақты және топтасқан отбасылар үлгілерін кеңінен көрсетуге шақырамын.

Бүгінде мемлекет адал да лайықты еңбек үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауда. Бұл әр отбасы тұрақтылығының өзегі. Бізде жұмыспен қамту әлемдегі ең үздік көрсеткіштердің қатарында. Біздің «2050 Стратегиямыздың» нақ ортасында – Еңбек адамы тұр. Олар нақты іспен – фермерлікпен айналысушылар, үй салушылар, автомобильдер құрастырушылар, балаларды оқытып, науқастарды құтқарушылар, астық өсірушілер – басқалардан әлдеқайда бақыттырақ. Тек өзіңнің адал еңбегіңмен тапқаның ғана пайдаға асады. Оның бәрі ғылыммен дәлелденген. Болашақтың өз жұмысына, инновацияларға, индустрияландыруға берілген патриоттарда екеніне сенімдімін.

Біздің жеріміз ұлы да үлкен. Ал халық меймандос және ізетті. Қонаққа баруды, сауда жасауды, жаңа жұмыс іздеуді қалайды. Сондықтан біз жаңа жолдар салудамыз. Біз 40 мың шақырымнан астам автожолдар, 2500 шақырымнан астам теміржолдар салдық. Бұл жұмыс жалғаса беретін болады. Біз ешқашан бұлайша жол салған емеспіз. Мұның бәрі қазақстандықтардың бір-бірімен тығыз араласуы үшін, жол жүріп, сауда жасауы үшін салынуда. Бірде-бір өңір Астанадан алыс болмауы үшін, Қазақстан оның әрбір отбасы мен біздің әрбір азамат үшін барлық ғасырларда да туған және қолайлы үйге айналуы үшін жасалуда.

Салтанатты рәсімге қатысушылар!

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ. Бүгін бір ғана отбасы жеңімпаз атанбайды. 16 аймақтық конкурстан үздік шыққан әулеттердің қай-қайсысы да еліміздегі ең мерейлі отбасылар, барша Қазақстанның мақтанышы.

Мен аймақтарды жиі аралаймын. Жақында ғана бірнеше облыста іссапармен болып қайттым. Өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты көтеріліп, тіршілік қайнап жатыр. Осының бәрі елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында жасалуда. Шаңырақтағы жарастық та тек қана сыйластық пен татулық арқылы орнайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясының аясында біз осындай отбасылық құндылықтарды нығайтып, дәріптей түсетін боламыз. Мерейіміз әрдайым үстем болсын! Еліміз даму көгінде жарқырап, жайнай берсін! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!

Хабарламаларға жазылу