Еңбекпен есейген әулет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбекпен есейген әулет

24.09.2014
Еңбекпен есейген әулет

Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына Қостанай облысынан қатысқан Жаңбыршыновтар отбасына, бір сөзбен осылай баға беруге болады. Отағасы Зейнолла Жаңбыршынов ет бағытындағы ірі қараның  әйгілі «Әулиекөл» тұқымын шығарушылардың бірі.  Қазір Москалев ауылындағы осы асыл тұқымды мал шаруашылығының директоры міндетін атқарады. Мұнда өзімен бірге оның бес баласы және екі немересі еңбек етеді. 

Зейнолла Жаңбыршынов осы  Әуликөл өңірінің тумасы. Әкеден ерте айрылған азамат еңбек жолын қатардағы малшылықтан бастады. Кейін жоғары білім алып, туған ауылында жаңа тұқым шығару жолында тер төкті.  Отандық асыл тұқымды түліктің пайда болуына ғылыми негізде үлес қосты.

Зейнолла Жаңбыршынов, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы:

Тірек пунктінің басшысы Мусин Ыбырай, академик Ростовцев деген кісілер басқарған шаруашылықты ол кезде. Малдың жаңа тұқымын шығарамыз,- деп жұмыс істеген. Сол тірек пунктына зертханашы болып тұрдым әуелі.

Ірі бұқаларының салмағы бір тоннаға дейін жететін «Әулиекөл» тұқымы 1992 – ші жылы жаңа түр болып бекіді. Жаңа тұқымның авторларының бірі -  Зейнолла Жаңбыршынов осы шаруашылықты 1987-ші жылдан бері басқарып келеді. Жұбайы Бижамал екеуі тәрбиелеп өсірген 5 ұлдың бәрі де әке жолын қуды. Қазір шаруашылықта бірі зоотехник, бірі агроном, инженер болып еңбек етіп жүр. Енді, олардан тараған 12 немеренің екеуі де ата жолын қуды.

Балғанат Жаңбыршынова, Зейнолла Жаңбыршыновтың немересі:

9 сыныпты бітіргесін колледжде оқыдым. Сосын жоғары білім алдым. Қазір төрт жыл болды атамның қарамағында жұмыс істеймін. Атамның көмекшісімін.

Зейнолла ағай  жұбайы Бижамалға әжесінің атастыруымен 18 жасында қосылыпты. Ал, қалыңдығы сол кезде он жетіде ғана екен. Үлкендердің батасын алған екі жас ұзақ жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, бүгінде үлкен әулетке айналды. 

Бижамал Сабырбекқызы, Зейнолла Жаңбыршыновтың жұбайы:

56 жыл бірге өмір сүріп келеміз. Шүкір, шәй дескен кезіміз жоқ. Үлкен болса сыйладым. Әжем бар кезінде үлкен кісілер көп келетін. Мен өзім ойлаймын, қазіргі жеткен жетістігіміздің бәрі сол үлкендердің батасынан ба,- деп.

Жаңбыршыновтар «Мерейлі отбасы» байқауында облыс бойынша үздік шықты. Аймақтың атынан Астанаға барып, астына аппақ көлік мініп қайтты. Бәрінен бұрын көңілдерін тасытқаны – еліміздегі адал еңбек пен ынтымағы күшті отбасына деген құрмет.

Зейнолла Жаңбыршынов, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы:

Біріншіден егеменді елімізде өмір сүріп және еңбек етіп жатқанымызға қуанамын. Президентіміздің бұл бастамасы халық үшін, кейінгі жастар үшін пайдалы. Жас отбасыларға үлгі болады,- деп есептеймін.

Ата кәсібін ұрпағы жалғаған Жаңбыршыновтар отбасы – береке басы бірлік,- деп біледі. 

Дәуренбек ӘБДІБЕК 

Хабарламаларға жазылу