Астана тарихындағы ерекше күн. Дәл осы күні Мемлекет басшысы Ақмоланы Қазақстанның астанасы деп жария еткен еді.
Міне, содан бері 17 жыл өтті. 17 жыл ішінде шағын қала сәулетті шаһарға айналды. Тарихи кезең қалай басталып еді? Ұлы көшке куә болған жандар айтсын.
Шынар Асанқызы, тілші:
Астана Алатаудан Арқаға қоныс аударған тарихи кезең әркімнің есінде әртүрлі оқиғалармен қалары анық. Алайда, осы тарихи сәттердің бәрі бастауын мына кілттен алады. Өйткені, ағылған көшке Арқаның қақпасын ашып берген кілт болатын.
Символикалық сыйлық қаладағы «Қазсельмаш» зауытында арнайы тапсырыспен жасалды. Кез келген заттың кілті оның иесімен бірге болуы тиіс деген ұғыммен жергілікті халық оны Елбасының қолына тапсырды.
Жауапты міндет жергілікті жеті ақсақалға жүктелді. Олардың арасында Нұрғожа Ораз да бар еді. Олар сол сәтте Мемлекет басшысының қолына тек кілтті емес, тұтас қаланың тағдырын тапсырып тұрғанын сезінді.
Нұрғожа Ораз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
Ішімізде 96-ға келген Мұқат Мейірманов деген үлкен адам бар еді. Ақсақалды алға салып, басқамыз соңынан еріп келе жатырмыз. Ана кісі қанша дегенмен Елбасы. Ақсақалдың тізесі дірілдеп, сосын екі жігіт екі жағынан қолтықтап алдық. Сөйтіп барып мінберге көтеріліп, Елбасыға бардық. Амандасып кілтті тапсырдық. Елбасы қазақтың салты бойынша қамқа тон кілтті, яғни қаланың кілтін алып, жұртқа көрсетті.
Көштің алғашқы легін Парламенттің бірінші шақырылымының депутаттары мінген пойыз бастап келді. Артынша Үкімет, Президент әкімшілігі де Ақмолаға қоныс тепті. Іле-шала министрліктер көшті.
Өмірбек Байгелді, Қоғам қайраткері:
Еліміздің соңғы тарихындағы нағыз ұлы көш сол болды. Алматыдан шығарда Елбасы алдыңғы траппен шығып, бері қарап Алматы қаласына басын иді. Мен оны «кетіп бара жатырмыз», деп кешірім сұрағаны ғой деп түсіндім. Сол киелі жерден, киелі қаладан, киелі Алатаудан қоштасып, кешірім сұрады ғой деп ұқтым.
Ол жылдары қалада екі-ақ қонақүй бар еді. Елбасымен бірге келгендердің бәрі сонда жайғасты. Бет қаратпас үскірік аяз. Аласа үйлер мен батпақты тар көшелер.
Көшті бастап келгендердің есінде қалғаны тек осы сурет. Ауа райы мамыражай Алматыдан келгендерге Сарыарқаның қатқыл мінезіне төзу оңайға соқпады.
Әбдіжәлел Бәкір, саясаттану ғылымдарының докторы, ҚГЗУ профессоры:
Тіке жүре алмайтынбыз. Қатты жел болғанда кеудеңнен итеріп, екі қолмен итеріп тұрған сияқты. Біз қырындап құлақшынымызды басып алып киетінбіз. Ол кезде шынын айту керек,ешқайсымызда Астана осындай түрленеді деп, жаңарады деп, Сарыарқаның төрінде осындай қала болады деп ойлай қойған жоқпыз.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Нұрғожа ақсақал қазір кезекті кітабын жазу үстінде. Бұл еңбегінде сонау сақ заманынан бүгінгі кезеңге дейін шолу жасамақ. Оның ішінде әрине, тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасы туралы да айтары мол болмақ.
Шынар АСАНҚЫЗЫ