Баспана Қарасай ауданының Іргелі ауылдық округіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен берілді. «Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйлер, тұрғындарға Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тамаша тарту болды. Пәтер кілттері иелеріне салтанатпен табысталып, көпшілік әр шаңыраққа құтты қоныс тіледі.
«Асыл арман» тұрғын үй кешенінде армандар орындалады»,-дейді үйлі-күйлі болған отбасылар. Өйткені, көбі кең сарайдай боз үйі болуын көптен күткендер. Жаңа пәтерге ие болғандардың дені жастар.
«Асыл арман» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2 жыл бұрын басталған. Аз уақытта жартысы салынды. Жоба бойынша тоғыз қабатты 21 үйден тұрады. Жалпы алаңы 320 мың шаршы метрден асады. Биыл бірінші кезекпен 9 үй - 2328 пәтер пайдалануға берілді. Келесі жылдың бірінші жартысында қалған 2760 пәтердің кілті иелеріне табысталады.
Жазира ИСАЕВА