Біздің жетістіктеріміздің бәрі - Тәуелсіздігіміздің жеңісі.
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан жоғары мемлекеттік сыйлық - «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева журналистерге берген сұхбатында осылай деді.
Елбасы Жарлығымен А.Мұсақожаева Қазақстан Республикасын әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағына ие болды.
«Бүгінгі біздің қазақстандық талантты жастардың шетелде білім алуға, өздерінің шеберліктерін әлемдік деңгейде шыңдауға, халықаралық фестивальдерге қатысуға мүмкіндіктері мол. Мұның барлығы - Тәуелсіздігіміздің арқасы, Тәуелсіздігіміздің жеңісі», - деді А.Мұсақожаева.
Сонымен қатар, А.Мұсақожаева бүгінгідей сара жолды айқындағаны үшін Елбасының атына алғысын жеткізді.
ҚазАқпарат