Алмагүл Қалжанова 26 жасында еліміздегі ең жас көпбалалы ана атанған. Анасының шағын үйіндегі екі бөлме балалары өскен сайын тарлық етуде.
Балабақшаға баратын 3 кішкентайының ақысын қайырымды азаматтардың бірі мойнына алған. Оның өзі үлкен көмек, дейді Алмагүл.
Өзі әупірімдеп жұмыс істеп, балаларының тамағын тауып беріп отыр. Арманы – бүлдіршіндерімен оңаша, жайлы баспанада тұру.
Жасы 30-дан асқан Қарлығаш Алпысбайқызы 6 баласы, науқас күйеуімен бірге саяжайда тұрып жатыр.
Кішкентайының дүниеге келгеніне 2 ай ғана болған. Отбасын асырап, үй салуға жұмсалған несиені жабу үшін 1 апта бұрын еден жуушы болып жұмысқа орналасқан.
Үйдің салқындығынан кішкентайлары екі күннің бірінде ауырып қалады. Отынды әр жерден жинап жағып отыр. Мектеп жасындағылары автобус аялдамасына дейін екі шақырым жаяу жүреді.
Батыр аналардың екеуі де пәтер кезегінде тұр. Бірақ, кезек баяу жылжиды.
Сондықтан, жеті баламды жетілдірем деген Алмагүл мен алты баласымен саяжайда сенделген Қарлығаш мейірімді жандардан көмек күтеді.
Жақсыбек КЕМАЛ