Франциядағы әуе апатында қаза тапқан қазақстандық отбасы шетелге балаларын емдету үшін барған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франциядағы әуе апатында қаза тапқан қазақстандық отбасы шетелге балаларын емдету үшін барған

26.03.2015
Франциядағы әуе апатында қаза тапқан қазақстандық отбасы шетелге балаларын емдету үшін барған

Айжан Исенғалиева «Қазцинк» кәсіпорнына қарасты демалыс және спорт кешенін басқарған. Ал оның күйеуі мен ұлы нағыз металлургтер болған.

Бақыт Смағұлова бақилық болған Айжан Исенғалиеваның қол астында жұмыс істеген. Оның айтуынша, басшысы шетелге ұлын емдету үшін кеткен.

Ұшақ апатқа ұшырамаса Айжан Исенғалиева бүгін жұмысқа шығу керек еді. Бірақ, амал қанша, қазір жұмыс кабинеті бос тұр. Үстелдегі қағаздарда алдағы уақыттағы жұмыс жоспары жазылған.

Қаза болған отбасының отағасы Ербол Иманқұлов «Қазцинк» компаниясының жаңа мыс зауытында директор болған. Осыдан бір жыл бұрын ғана Қарағандыға кремний өндірісін өркендетуге аттанған. 25 жастағы ұлдары Әділ Иманқұлов болса мырыш цехында жұмыс істеген.

Қаза болған жерлестеріміз бастапқыда үйге Германияның Франкфурт қаласы арқылы ұшып келуді жоспарлаған көрінеді. Соңғы сәтте не себепті билеттерін ауыстырып, жолы болмаған ұшаққа отырғандары белгісіз.

Марқұмдардың туған-туыстары соңғы ақпараттарды Айжан Исенғалиеваның апайынан күтіп отыр. Ол қайтыс болғандардың денелерін тану үшін Францияға аттанған. Қаза тапқандардың соңында 7-ші сыныптағы қызы қалды.

 

Берік КӨШЕРБАЕВ

 

Хабарламаларға жазылу