Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты №58-ші балабақшада болған қайғылы апатқа асығып бара жатқан жедел-жәрдем бригадасының арнайы транспортын қағып, аударып тастаған Ниссан көлігінің жүргізушісіне қатысты шешім шығарды.
Шұғыл шақырту алған қос жедел-жәрдем көлігінің арнайы дабылы қосулы болған. Екінші жедел-жәрдем көлігіндегі бейнетіркегішке көрініс жазылған.
Алтынсарин көшесімен көтерілген жедел-жәрдем көлігі Абай даңғылына жақындағанда көліктер жол берген. Жасыл түске сеніп, алға ытқып шыққан Ниссан Максима көлігі арнайы транспортты бүйірден соғып, аударғаны анық түскен. Салдарынан фельдшер мен дәрігерлер жеңіл жарақат алды.
Сот тыңдауы кезінде басты айғақ саналған бұл бейнематериал бірнеше мәрте көрсетілді. Жеңіл көлікті тізгіндеген азаматтың басты айыбы - жол қозғалысы ережесінің 6.1 пунктіне сай арнайы көлікке жол бермеген.
Судья Ақмарал Ахмеджанқызы айыпталушы Сәкен Байдоллаевтың 3 жыл ішінде 10 мәрте жол ережесін бұзғанын санамалап берді. Дабылдың қайдан шыққанын аңғармай қалған жүргізуші ақыры өз кінәсін мойындады. Фельдшер Тұрдыжанов денсаулығына байланысты өтемақы алудан бас тартқан соң жаза жеңілдеді.
Дәурен ДАРИЯБЕК