Алматыда бас бостандығы шектеулі азаматтар қоғамдық еңбекке тартылып, көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізуде. Бүгін Әуезов ауданы бойынша есепте тұрған 10 адам селдің салдарын жою жұмыстарына атсалысып, жолдағы су арықтарын қоқыстан тазалады.
2015 жылдың 1-ші қаңтарында күшіне енген Қылмыстық Кодекстің 44-бабына сәйкес, бас бостандығы шектелген азаматтар тұрақты жұмыс орны болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар бекіткен орындарда жылына 240 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылуға міндеттелген.
Қазір Әуезов ауданы бойынша 298 азамат шартты мерзімге есепке алынған. Алдағы уақытта олардың барлығы осындай қоғамдық жұмыстарға тартылмақ.
Амангелді СЕЙІТХАН