Қаржылай көмектің көлемі 2 мың евро.
Бұл Баба Әлімжановтың соңғы сұхбаты. Президент мұрағаты фашист тұтқынында болған азаматтарды тауып, дерек жинап жүрген кезде түсіріп алған кадрлар. Майдангер Беларуссиядағы Брест қамалын қорғау кезінде, тұтқынға түсіп, Австриядағы «Маутхаузен» концлагерінен бірақ шығады. Ауыр жұмысқа жегіледі, азапты күндерді бастан кешеді.
Баба Әлімжанов, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Немістің бірнеше девизиясы орманды қоршауға алды. Офицерлер құрамының атқанын атты. Қатардағы жауынгерлердің бәрін Австриядағы концлагерьге апарып тықты. Соғыс аяқталғанша сонда болдым.
Германияда өткен бірлескен комиссияның отырысында ТМД аумағында тұрып жатқан көзі тірі тұтқындарға өтемақы төлеу туралы шешім шығарылды. Өтемақы алу үшін азаматтардың тұтқында болғаны дәлелденуі тиіс.
Қайрат Әлімғазинов, ҚР Президенті мұрағаты директорының орынбасары:
Әскери тұтқындарға өтемақы төлеу мәселесі шешілді. Өтемақы 2 мың еуро. Егер азаматтар табылса, Қазақстан Президенті мұрағатына хабарласуын, қосымша ақпарат ұсынуын, құжаттарын беруін сұраймыз, не өздерінің келулеріне болады. Бізде арнайы топ жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Геттингем университеті жанындағы ғылыми орталық жат жұртта қалған әскери тұтқындары анықтау жөніндегі екі жақтың бірлескен жобасына қаржы бөлетін болады. Бұл Еуропа мұрағаттарына жол ашылады, мыңдаған тұтқын туралы дерек табылады деген сөз.
Борис Жапаров, ҚР Президенті мұрағатының директоры:
Екі мемлекет арасындағы тарихшылары, мұрағатшылары арасындағы байланысты ұлғайту есебінен мамандарымызды Германиядағы дереккөздерге шығарып, ІІ Дүниежүзілік соғыс, қазақстандықтардың тұтқынға түсуі, Түркістан легионы және олардың тағдыры не болды деген тақырыпта ақпараттар табамыз деген үміттеміз.
Соғыс жылдары шамамен 200 мыңдай қазақстандық тұтқынға түскен. Солардың 30 мыңға жуығы елге оралды. Ал, қалғандарының тағдыры қалай болғаны белгісіз. Себебі оларды сатқын санаған кеңес билігі ешқандай мәлімет бермеді.
Гюнтер Морш, Бранденбург мемориалдары қорының директоры (Германия):
Қазақстаннан қанша адам болғанын нақты айту қиын. Біздегі құжаттарда олардың барлығы кеңес жауынгерлері деп жазылған. Қазір бізде жалпы тізім бар. Ал олардың ішінен қазақстандықтарды анықтау үшін сіздердің көмектеріңіз қажет. Біз үшін оларды есімдеріне қарап кімнің қазақ, кімнің өзге ұлт екенін ажырату қиын.
Президент мұрағаты алғаш болып тапқан Баба Әлімжанов Германияның өтемақы төлейтіні туралы бастамасын қуана қабылдады. Өтінішін те жазып берген. Өкініштісі 70 жылдан кейін келген жәрдем оған бұйырмады. 96 жастағы майдангер осыдан біраз күн бұрын өмірден озды.
Концлагерлерьде тұтқында болғандардың әрқайсына жеке құжат толтырылған. Онда жауынгерлердің барлық мәліметтері, тіпті саусақ іздеріне дейін бар. Қазірде Президент мұрағаты Мәскеу, Еуропа мұрағаттары арқылы кезінде құпия болған құжаттарды жинауды жалғастыруда.
Жеңістің 70 жылдығына орай www.tutkyn.kz сайты ашылып, онда деректер базасы құрылды. Көзі тірі майдангерлерге берілетін өтемақы жайында және соғыс тұтқындарына қатысты мәліметтерді мұрағат арқылы білуге болады.
Азат РЫСТАНБЕК