Ақтөбеде ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды

05.06.2016
Ақтөбеде ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды

Ақтөбеде антитеррорлық операция режимі жарияланды. Бұл туралы ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Садубаев хабарлады.

«Бүгін Астана уақыты бойынша 15:45-те Ақтөбе облысының Ішкі істер департаментіне «Паллада» қару-жарақ дүкеніне белгісіз біреулердің шабуыл жасағаны туралы хабарлама келіп түсті. 16:45-те тағы бір қару-жарақ дүкеніне және Ұлттық ұлан әскери бөліміне шабуыл жасалғаны хабарланды.

Оқиға салдарынан «Паллада» дүкенінің сатушысы қаза тапты, бір адам жараланды. Шабуылды тойтару кезінде бір офицер және бір әскери қызметкер ажал құшып, 9 әскери қызметкер жарақат алған. Ал, шабуыл жасаушылардың тарапынан 1 адам тұтқындалып, үшеуінің көзі жойылды, тағы біреуі жараланды. Бірнеше қылмыскер із жасырып үлгерген. Оларды ұстауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, шабуылды теріс ағымдағы дін ұстанушылар жасаған. Ақтөбе қаласында антитеррорлық операция режимі жарияланды. Ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды. Тұрғындар көшеге шықпауы және өте сақ болуы керек. Қосымша ақпараттар таратылады», - деді Алмас Садубаев.

 

 

Хабарламаларға жазылу