Бас редакторлар клубы Еуразиялық Топтың (ERG) қолдауымен қазақ тілді журналистер арасында өткізілетін дәстүрлі VI «Алтын қалам» байқауы жарияланғаны туралы хабарлайды.
Байқауға республикалық және өңірлік басылымдардың, теледидар, радио және интернет басылымдарының журналистері қатыса алады.
Байқаудың мақсаты - қарапайым еңбек адамдарын бүгінгі бейбіт заманның қаһармандары ретінде үлгі етіп, насихаттау. Мансаптық жоғарылауға өз еңбегімен қол жеткізген, іскер де білікті мамандардың тәжірибесін жұртқа таныстыру. Жұмысшы мамандықтарын насихаттау.
Байқау қорытындысы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2016 жылғы шілдеде металлургтер күнінің қарсаңында өтеді, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Байқауға қатысатын материалдарға қойылатын талаптар:
- Байқауға қатысатын мақалалар мен видео-аудио материалдар өндірістегі еңбек адамдары, Еуразиялық Топ кәсіпорындарындағы жұмысшы мамандықтар туралы болуы шарт (жанрға шектеу жоқ).
- Мақалалар мен аудио-видео материалдар 2016 жылғы 1 наурыз бен 30 маусым аралығында жариялануы тиіс. Материалдар «Алтын қалам» байқауына» деген белгімен 2016 жылғы 30 маусымға дейін жолданады (мерзімді баспасөз материалдары жарық көрген басылым түпнұсқасымен бірге, басылым атауы, жарық көрген уақыты, автордың өзі туралы мәліметтер толық көрсетілуі керек; электронды БАҚ үшін - аудио-видео материалдар, жарияланым мен автор туралы мәліметтерді қамтитын эфирлік анықтамамен бірге жіберілуі шарт; интернет басылымдары үшін материалдың скриншоты, жарияланған мерзімі мен оның интернеттегі дерек көзіне сілтеме қоса жіберілуі керек).
- Үш материалдан аз болмауы керек (түпнұсқалар), аудио-видео материалдар (электронды тасымалдағыш құралда);
- Материалдар 2016 жылғы 30 маусымға дейін қабылданады;
- Мақала/сюжет көлеміне шектеу қойылмайды;
- Материалдар өңделмейді және қайтарылмайды;
Байқау материалдарын бағалау шарттары:
Конкурстық комиссия материалдарды бағалау барысында төмендегі талап-шарттарға жүгінеді:
- Сараптама (журналистің өз бетінше сараптау қабілеті назарға алынады).
- Жан-жақтылық (қоғамдық мәселелерді ұтымды жеткізе білу, еңбек адамының тәжірибесі мен жетістіктерін, жан-жақты қырынан аша білу).
- Кәсібилік (мәліметтерді оқырманға қызықты әрі нақты етіп жеткізе білу шеберлігі, қоғамдық мәселелерден жан-жақты сауаттылығы).
Жүлде қоры
Байқаудың жүлде қоры - 2 млн теңге.
Байқаудың қорытындысына сәйкес комиссия жеңімпаздарды төмендегі аталымдар бойынша анықтайды:
1-орын «Үздік мақала/сюжет» (2 жеңімпаз, 1-мерзімді баспасөз, 1-электронды БАҚ)
Жеңімпаздардың әрқайсысына - 500 000 теңге.
2-орын «Үздік мақала/сюжет» (2 жеңімпаз, 1-мерзімді баспасөз, 1-электронды БАҚ)
Жеңімпаздардың әрқайсысына - 300 000 теңге.
3-орын «Үздік мақала/сюжет» (2 жеңімпаз, 1-мерзімді баспасөз, 1-электронды БАҚ)
Жеңімпаздардың әрқайсысына - 200 000 теңге.
Байқауға қатысуға ниетті БАҚ өкілдері материалдарын «Байқауға» белгісімен мына мекенжайға жіберу керек: Астана қ., Сейфуллин көшесі, 31 үй, 204 каб. («Жетінші арна» ғимараты).
Байқаудың ережелері мен талаптары туралы толымды ақпарат ұйымдастырушылардың www.kgr.kz жәнеwww.erg.kz ресми сайттарында жарияланған.