Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесті

10.06.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттіктің алғашқы күнін журналистер қауымымен кездесуден бастады. Бүгін Ақордаға жүзден астам отандық және шетелдік журналистер жиналды. Тілшілердің сұрағына жауап беру кезінде ол Президент сайлауының қорытындыларына қатысты пікірін білдірді.

Сонымен, Президент өзге кандидаттардың жұмысына қалай баға берді, ұлықтау шарасы қашан өтеді және Президент болмаса қазір қандай мамандықты таңдаушы еді. Аталған саулардардың жауабын тілшіміз Шынар Асанқызы біліп қайтты.

Сайлау бұл қақтығыстар алаңы емес. Бұл - кандидаттардың бағдарламалары, ұсыныстары бәсекеге түсетін дода. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау қорытындысы шықпай тұрып-ақ осылай деген-ді. Ұстанымынан айнымағанын айтты. Тіпті, 6 кандидаттың бағдарламасындағы халыққа пайдалы тұстарын өз тәжірибесінде пайдалануға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл сайлаудың ерекшелігі - кандидаттардың көптігі. Олардың ұсыныстары өте ұтымды болды. Ең пайдалы ұсыныстарын жұмыс барысында өзім пайдаланам. Өзге кандидаттарға алғысымды білдіргім келеді.

Алғашқы сауалдың бірі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы митингтерге қатысты қойылды. Қаладағы әрбір әрекет қазір тек халықты емес, Президентті де алаңдатып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Расында да Алматыда және Елордада өз пікірлерін білдіріп, көшеге шығып, наразылық шараларына қатысып және тағы басқа әрекеттер жасағандар болды. Қазақстан заңнамасы бойынша, бұл әрекеттердің барлығы заңды. Өйткені, Қазақстанда әркім өз еркін білдіруге толық мүмкіндігі бар. Десе де, өкінішке қарай, кей азаматтар ақпараттарды шектен тыс қолданды, басқаларды да заңсыз әрекет жасауға итермеледі. Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Осы орайда мен өз қызметін лайықты әрі кәсіби тұрғыда атқарған полциия қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді.

Қазір қызыл сөз, құрғақ уәденің заманы өтті. Өйткені, халық мұны көтеретін жағдайда емес. Сондықтан, Президент нақты іске көшуді жөн санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Медицинаның сапасы, жалақының төмендігі, экология, ауыз сумен қамтамасыз ету және тағы басқалары. Қазіргі таңда нақты шешімдер қабылдау керек. Халық бізден осы шешімдерді күтіп отыр. Халық ұзақ сөздерден әбден шаршады. Сондықтан мен Президент ретінде осы жұмыспен міндетті түрде айналысамын
Президент Тоқаевтың Үкіметтің жұмысына қояр талабы зор болғалы тұр. Министрлер кабинетін алдағы уақытта міндетті түрде кадрлық ауыс-түйіс күтіп тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұған дейін атап өткенімдей, Үкіметке жаңа тұлғалар, оның ішінде жастар өкілі тартылады. Меніңше, барынша қабілетті кадрларды тарту қажет. Мен Президенттік кадрлық резерв дайындауға уәде бергенмін. Оған  еліміздің барлық өңірлерінен 300 адам кіретінін айттым. Біз бұл тізімді жаңартып отырамыз. Бұл догма емес. Басты мақсат - мемлекетті басқаруға жастарды тарту.

Сайлау қорытындысы шыға салысымен қазақ басшысын алғаш боп Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей басшылары құттықтапты. Және Президенттің бұл аптасы қызу жұмысқа толы болғалы тұр. Алдағы күндері Бішкек, Душанбе қалаларына жауапты сапармен жол тарпақшы. Айтпақшы аталған сапарларға Қазақстанның толыққанды Президент ретінде бару үшін Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау шарасын 12 маусым күнге өткізуді жөн санапты.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу