Үкіметте 2017-2021 жылдарға арналған АӨК мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың шаралар жоспары бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметте 2017-2021 жылдарға арналған АӨК мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың шаралар жоспары бекітілді

28.02.2017
Үкіметте 2017-2021 жылдарға арналған АӨК мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың шаралар жоспары бекітілді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 2017-2021 жылдарға арналған АӨК мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың шаралар жоспары туралы есеп берді.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген Жоспар Мемлекеттік бағдарламаның 8 міндеті бойынша 134 шарадан тұрады.

«Ауыл шаруашылығына қаржылай қолдау көрсету қорымен инвестициялық субсидиялар есебінен алғашқы төлемді өтеу арқылы кооперативтерді басым несиелендіру, сонымен қатар ҚҚС бойынша шығындарды өтеуге кооперативтерге субсидиялар бөлу қарастырылуда. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен әкімдіктер арасында әр жылға өңірлер тұрғысынан алғандағы нақты көрсеткіштері бар үшжақты жоспарларға қол қойылатын болады. 2017 жылы әрекет етуші кооперативтер санын 326-ға дейін жеткізу жоспарда бар», - деді бірінші вице-министр.

Қабылданған шаралар нәтижесінде, бюджеттің сол көлемі сақталғанда өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамту 7,5 есеге ұлғайтылады.  

Су ресурстарын тиімді пайдаланумен қамтамасыз ету үшін, су ресурстарының қажетті көлемін жинақтау үшін республикалық меншіктегі апатты су шаруашылығы жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарды қайта құрастыру, жаңа су қоймаларының құрылысы мен жер суландыратын және су сіңіру жүйелерінің инфрақұрылымын қалпына келтіру шаралары іске асырылатын болады.

Жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының  айналымға 600 мыңнан астам гектар жерді жүйелі түрде суландыруды енгізу, олардың ауданын 2021 жылы 2 млн гектарға дейін жеткізу туралы берген тапсырмасын атқаруға мүмкіндік береді, деді бірінші вице-министр.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді техникамен және химияландыру құралдарымен қамтамасыз етуді арттыру, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері пысықталды. Жалпы, 2017-2021 жылдардың шаралар жоспарын іске асыруға шамамен 2,4 трлн теңге қажет, оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 1,2 трлн теңге, жергілікті бюджеттен – 852 млрд теңге, ШҚҰ мен шаруашылық субъектілерінен – 306 млрд теңге.

«Биыл 21 ақпанда Жоспар жобасы Республикалық бюджеттік комиссия отырысында мақұлданды, сонымен қатар Президент әкімшілігімен, тиісті министрліктермен және ведомстволармен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бекітілді», - деп сөзін қорытындылады Қ. Айтуғанов.  

primeminister.kz

Хабарламаларға жазылу