Алматыда жол апатынан екі аяғынан айырылған қыздың оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жол апатынан екі аяғынан айырылған қыздың оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

19.06.2017

Оқыс оқиға өткен жұма күні әл-Фараби даңғылының бойында болған. Куәгерлердің айтуынша, «Honda» көлігі жолдағы ашық жатқан люкке түсіп кетіп, дөңгелегі жарылған. Көлікті тоқтатқан жүргізуші қыз бен құрбысы сыртқа шығып, дөңгелекті ауыстырмақ болған екен. Апаттық белгісі қосылған көлікті көрген «Toyota» жүргізушісі тоқтамақ болғанда, оны ортаңғы жолақпен келе жатқан автобус соққан. Соның салдарынан екі бойжеткен қос көліктің арасында қысылып қалған. Оларды дер кезінде ауруханаға жеткізіп, шұғыл операция жасағанымен, дәрігерлер зардап шеккендердің бірі Екатерина Парафиеваның аяғын кесіп тастауға мәжбүр болған. «Қазір бойжеткен психологиялық шок жағдайында жатыр», - дейді мамандар. Ал, іске қатысты Қылмыстық Кодекстің 345-ші бабының 2-ші тармағы бойынша сот сараптамасы тағайындалған.


Амангелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу