Осыдан 4 жыл бұрын ашылып, уақыт өте келе тоқтап қалған металлургиялық кремний өндіретін зауыт жұмысы қайта жанданбақ. Ол үшін облыс әкімдігі мен
«Бәйтерек» ұлттық холдингі келіссөздер жүргізіп, бірқатар іс-шаралар қолға алынды.
Нәтижесінде металлургилық кәсіпорынды қайта қалпына келтіру үшін «Қазақстанның инвестициялық қоры» мен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ арасында келісімшарт жасалды.
Тұралаған зауытты тірілту үшін ұлттық тау-кен компаниясы алғашқы кезеңде 1,5 миллиард теңге бөлмекші. Бұл қаржы жұмыскерлер алдындағы еңбекақы берешегін өтеуге және кәсіпорындағы қажетті мүлікті сақтап, зауытты іске қосуға жұмсалмақ. Өз кезегінде Қарағанды облыстық әкімдігі мен «Бәйтерек» холдингі жан-жақты қолдау көрсетпек.
Ербол Иманқұлов, «Тау-Кен Темір» ЖШС директоры:
Арнайы бизнес-жоспар құрамыз. Соның негізінде кәсіпорынды қалыпқа келтіру, техникалық аудит жүргізу жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін жұмысшыларды жинай бастаймыз. Мұның барлығына кем дегенде 6 ай уақыт кетеді.
«Силициум Қазақстан» зауыты - еліміздегі «30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасына енгізілген бірегей кәсіпорын. Алайда, 2010 жылы іске қосылғанымен, екі жылдан соң жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Себебі, компания басшылығы менеджментті дұрыс үйлестіре алмаған. Мұнымен қатар, Қазақстан даму банкіне қайтарылмаған несие түріндегі берешегі де бар. Зауытта жұмыс істеген 400 адамның тек 35-і қалған.
Бауыржан Әбдішев, облыс әкімі:
Қарағандылықтар - нағыз еңбек адамы. Қиын жағдайларға қашан да түсіністікпен қарайды. Кәсіпорын жұмысының тұралап қалғанын жасырмаймын. Бірақ, халық сенді, күтті. Ешқайсысы далада қалған жоқ, басқа жерлерге еңбекке тарттық. Енді кәсіпорын жұмысы жолға қойылған соң барлығы қайтадан өз жұмыстарына оралады.
Алмаз Сағынбеков, бас энергетик:
Бұрынғы жұмыскерлер шақырса, келеді. Барлығы осы жерде жұмыс істеуге ынталы. Барлық жағдай жасалған.
Зауытты іске қосу үшін жаңа қожайын атанған компанияға 6 ай уақыт берілді. «Кәсіпорын жұмысы жанданған сәтте қос пештен айына 50 мың тонна кремний өндіру мүмкін болады», - дейді мамандар.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ