Мұнай, газ, көмір, бұлар - баға жетпес қазына. Кез келген елдің экономикалық әлеуетін еселейтін қазба. Бірақ күндер өте таусылуы, сарқылуы бек мүмкін. Сондықтан әр ел өзінікін үнемдеуге тырысады, қайта өңдеуге әрекет жасайды. Бұл жаһанға ортақ мәселе.
Содан болар түрлі келіссөздер, отырыстар жиі-жиі өтіп жатады. Астанада да халықаралық деңгейлі кездесулер ұйымдастырылуда. Бүгін Елордада еліміздің бірқатар министрліктерінің және шетелдік сарапшылардың басын қосқан «KAZENERGY» қауымдастығы кеңесінің кезекті 15-ші отырысы өтті.
Жиналғандар әлемдік әнергетикалық нарыққа көз жүгіртті, кімде не бар, қандай мөлшерде екенін тізбеледі. Энергия ресурстарын көп қолданатын елдерді атады.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің берген болжамы бойынша 2020 жылға қарай Қытай мұнай импорттау көшбасшы елге айналса, Үндістан көмір өңдеуде алдына шығады. Энергияны көп тұтынушы мемлекеттер де осылар болады.
Ал Қазақстан ше? Мұнай қорын сақтау үшін елімізде геологиялық барлау жұмыстары бір ізге түсуі керек. Әйтпесе, елдің ішкі нарығында мұнай тапшылығы туындауы мүмкін. Энергетикалық тепе-теңдік қажет. Осыны есепке алған мұнай және газ министрлігі биыл елімізде геологиялық барлау үшін 8 мұнай блогына конкурс ұйымдастырады.
Бүгіннің өзінде көптеген компаниядан мұнай іздестіру шараларына қатысуға өтініш түскен. Осылайша, Қазақстандағы энергия ресурстары базасының көлемін еселеуге мүмкіндік туады.
Егемен ел болғалы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 3 есеге өскен. Мәселен былтыр елімізде 81,7 миллион тонна мұнай алынған. Көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға артық. Биылға жоспар жаман емес. 2014 жылы 83 миллион тонна мұнай өндірілмек.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:
2020 жылға дейін елімізде тәулігіне 2 миллион баррель мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз. Оған толықтай мүмкіндігіміз бар, өйткені соңғы жылдардағы өндірілген мұнай көлемі жыл санап еселеніп келеді. Мәселен, қазір тәулігіне 1,6 миллион баррель мұнай өндірсек, жылына 40 миллиард текше метр газ аламыз.
Әзірге көрсеткіш көңіл толтырғанымен, болашақ қамын қазірден ойлау қажет. Себебі ұлттық мұнай қоры таусылуы мүмкін.
Әсет Мағауов, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры:
Бастапқы энергоресурстарын өндіруде Қазақстан әлемдегі 20 үздік елдің қатарында, ал тұтыну жөнінен 34 орында. Көмір мен уран қоры жеткілікті. Ал мұнай өндіру 2025 жылға дейін теңіз кеніштерінің арқасында жүзеге асуы тиіс. Әйтпесе, жаңа кеніштер салынбай, мұнай өндіру көлемі кемиді.
Халықаралық энергетикалық агенттік Қазақстан мұнай өндірісінің болашағы жарқын деген баға берді. 40 жылдық тарихы бар беделді орган еліміздің мұнай көлемін ұлғайтуға толық мүмкіндігі бар екенін айтады. Егер мемлекет тиісті шараларды қолға алса.
Мария Ван дер Ховен, Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры:
Қазақстанда мұнай және газ секторларына қатысты маңызды жобалар қолға алынып жатыр, бірталайы жүзеге де асты. Нәтиже көңіл көншітеді. Ішкі нарығындағы сұранысты толықтай қамтамасыз етіп отыр.
Әлемдік энергетикалық нарық құбылмалы. Тез өзгеріп тұрады. Алдағы 20 жылда мұнай-газ индустриясы энергетика кешенінің негізгі саласы болады. Сондықтан, бізге бұйырған жер қойнауы байлықтарын дұрыс өндірмек керек. Ол үшін жүйелі жоспар қажет.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ