Көкпекті ауданында кәсіпкерлер саны артуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкпекті ауданында кәсіпкерлер саны артуда

22.01.2014
Көкпекті ауданында кәсіпкерлер саны артуда
 
Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі күн санап кеңейіп келеді. Тұрғындар мемлекеттің қолдауымен жеке кәсіптерін ашып, халыққа қызмет көрсету саласында түрлі жобаларын жүзеге асырып жатыр.
 
Мысалы, Преображенка ауылындағы Тлепалды Құсайнов  жұбайымен бірге пима басуды қолға алған. Ал оның жерлесі Надежда Скударнова анасынан дарыған тігіншілік өнерді дамытып, жеке тігін цехын ашып алды. 
 
Тлепалды Құсайнов пима жасаудің әдісін жас кезінде үйреніпті. Осы уақытқа дейін қысы қатал өңірлер үшін аса қажет аяқ киімді үйінде жасап жүрген. Ал қазір шағын цехы бар.
 
Былтыр  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге несие рәсімдеп, қажетті құралдарын сатып алған. Бүгінде пима басу ісі оның отбасылық бизнесіне айналған.  
 
Тлепалды Құсайнов, кәсіпкер:
 Барлығы қолмен, тек жүнді ғана осы станокпен түтеміз. Бұрынғымен салыстырғанда, әрине, жақсы.
 
Тлепалды Құсайнов бір жылда 100-ге жуық пима басады екен. Өніміне ауыл тұрғындары арасында сұраныс жоғары. Кей кезде, Өскемен қаласында өтетін жәрмеңкелерге де қатысып тұратынын айтты. Пимадан бөлек, тоқым және киізден жасалатын басқа да бұйымдарды дайындайды.
 
Ал бұл - Преображенка ауылындағы тігін цехы. Таяуда ғана ашылған. Иесі Надежда Скударнова. Бұл кісі де кәсібін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ашқан. Қазір ауылдастарының тапсырыстарын орындап,  табысын тауып отыр. Ол тігіншілікті анасынан үйренген. 
 
Жұлдыз Байжұманова,  Преображенка ауылының тұрғыны:
Тігін цехы үйдің іргесінде тұр. Тапсырысымызды беріп, тіктіріп аламыз. Үйге қажет заттардың барлығын осы жерде тіктіріп алуға болады. Өте қуаныштымыз.
 
Тігін цехын ашу үшін Надежда Скударнова 1 миллион теңге несие алған. Жылдық үстемақысы 7 пайызбен берілген қаржыны 5 жылда қайтарады. Бұдан бөлек, осы бағдарламаның аясында арнайы курстарға қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген.
 
Ендігі меже - цехты бұдан да кеңейтіп, табысты еселей түсу.
 
Надежда Скударова, тігінші:
Алдағы уақытта тағы бір ғимарат салып, цехты кеңейтуді көздеп отырмыз. Ауылдан бірнеше адамды жұмысқа аламын, деген жоспарым бар. Болашақта тойға киетін көйлектер де тігуді мақсат етіп жүрмін. Мемлекет қолдап тұрғанда, неге осылай жұмыс істемеске, деп ойлаймын.
 
Елбасымыз биылғы Жолдауында осындай шалғай ауылдарда  шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Өйткені, бұл - Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі.
 
Елбасының «Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс», деген сөзі Преображенка тұрғындарының тірлігінен айқын аңғарылып тұр.
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу