Еліміздің озық отыздықтың қатарына енуі үшін Президент соңғы Жолдауында маңызды салаларды жік-жікке бөліп айтып берді. Солардың бірі - агроөнеркәсіп кешенін ғылымға негіздеу. Президент шаруаларға тың тәсілдерді қолданып, өнімділікті арттырудың жолдарын жан-жақты қарастыру керек деді.
Ал, бүгін Мәжіліс депутаты Владислав Косарев Жолдаудан кейінгі пікірін білдірді. Халықтық коммунистер партиясының төрағасы «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерімен тек елді емес, көрші мемлекеттерді де қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар, тек тапсырма орындалу керек, жүйелі жұмыс жүруі керек», - деді.
Президент фермерлерге ауа-райына сеніп жүре бермей, өнімділікті арттыратын жаңа тәсілдер енгізу керек деді. Айтса айтқандай еді. Қызылорадалық ғалымдар тұзды, сортаң топырақтың құнарын арттыратын биотыңайтқышты ұсынды. Тың тәсіл өнімділікті анағұрлым өсіреді.
Ерік Шорабаев, «Микробиология және вирусология институты» РМК облыстық филиалының директоры:
Бұл тыңайтқыштың құрамындағы бактерия тұқымның сыртқы қабығын жұмсартып, өнімділігін арттырады. Осы биотыңайтқышты қолдану арқылы 80-90 пайызға дейін өнімділікті арттыруға болады.
Биотыңайтқышты қазір бірен-саран шаруашылық болмаса, көпшілік біле бермейді. Тәжірибеге енгізу үшін мемлекеттік деңгейде тиісті қолдау қажет. Ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі мен Президент Жолдауында айтылған басымдықтар бүгін орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте де сөз болды. Владислав Косарев шаруалардың жем-шөбі мен тыңайтқышынан бизнес жасап, саланы кері сүйреп жүргендерді тоқтату керек деді.
Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі:
Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін сырттан ет-сүт өнімдерін тасуды тоқтату керек дегенді бірнеше рет айтты. Қазақстанның мүмкіндігі 50-60 миллион адамды ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз етуге жетеді. Ал біз 17 миллион адамды асырай алмай отырмыз. Ұнтақ сүт сатып алып, Оңтүстік Америкадан ет әкеліп жатырмыз. Мәселені шешу үшін салаға жаңа технология тарту керек.
Биылғы Жолдауда Президент ауыл шаруашылығындағы маңызды мәселелерге тоқталды, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Енді атқарушы билік, тиісті министрлік, қала берді «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы жұмысын ширатып, білек сыбана іске кіріссе болғаны.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ