Көңілді су жануарлары балғындарға мереке сыйлады. Астанадағы мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылардың балалары дельфиндер шоуын тамашалады. Шараны Астана қаласының әкімдігі мен аутизмі бар балалардың ата-аналары құрған «ОРДА» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Өнерлі дельфиндер Ресейдің Сочи қаласынан әкелінген. Ең кішкентайы 2 жаста. Аты - Афолина. Ол Флори мен Изэльдің баласы. 9 жасар Дейсон олардың достары. Дельфиндер доппен волейбол ойнады, шығыршықтарды айналдырып биледі. Биікте ілініп тұрған допты тұмсықтарымен ұрды. Ал, ең қызық трюк өздерінің үйретуші иелерін судың түбінен алып шығып, жоғарыға лақтырған сәті болды. Су жануарларының өнерінен балалар ерекше әсер алды. Мүгедек балалар үшін дельфин терапиясының маңызы зор екені белгілі.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ