ОҚО-да танысының қуанышын бөлісуге барған әйел адам мен бойжеткен байқаусызда оққа ұшты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да танысының қуанышын бөлісуге барған әйел адам мен бойжеткен байқаусызда оққа ұшты

17.08.2017

Тойға барып ажал құша жаздады. Оңтүстік Қазақстан облысында танысының қуанышын бөлісуге барған әйел адам мен бойжеткен байқаусызда оққа ұшты. Оқиға тамыздың 15-і күні кешке Сайрам ауданының Ақсукент ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған.  

Негізінде оқыс оқиға еріккендердің ермегінен туындаған. Алдын ала тергеу амалдары анықтаған дәйекке сүйенсек, оқты тойға барғандардың назарын өздеріне аудару үшін үш жігіт атқан. Нәтижесінде, атылған бытыра әуелі «Бентли» автокөлігіне тиіп, кейін сол маңдағы екі азаматшаны жаралаған. Жарақат алғандар дереу аудандық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлік көмекке жүгінген. Алғашқы көмек көрсетілгеннен соң олар үйлеріне қайтарылды. Ал, ай мен күннің аманында оқ жаудырғандарды көп ұзамай полиция қолға түсірді. Олардың 1992,1993 және 1996 жылғы жігіттер екені анықталды. Екеуі бұған дейін де істі болған. Ұсталғандарды тінту кезінде бірнеше қару мен оқ дәрілер табылған.  
 

Мақсұт ЖАРЫЛҚАСЫН

Хабарламаларға жазылу