Автокөліктің тозған дөңгелектерін қайта өңдеп, жаңа өнім шығаруға болады. Мұны қызылордалықтар дәлелдеді. Өңірде бүгін шина өңдеу зауыты іске қосылды. Жергілікті мамандар «жасыл» экономика принциптеріне толықтай сәйкес келетін жобаны неміс технологиясымен жүзеге асыруда.
Айналада не көп, жарамсыз дөңгелек көп. Соны өткізіп, пайда табуға болады. Келісі -15 теңге. Ал жаңадан ашылған зауыт үшін бұл - шикізат. Жарамсыз дөңгелектер өндіріс орнында қайта өңделіп, жаңа өнімге айналады.
Инновациялық жобаны жергілікті «Дорстрой» мекемесі «Смарт Рубер» атты неміс компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Бұл мақсатқа инновациялық грант қарастырылған.
Герхард Фридель, «Смарт Рубер» компаниясының құрылтайшысы:
Мұндай зауыт біздің елімізде бұрыннан жұмыс істейді. Енді өндіріс орнын Қазақстанда ашып жатырмыз. 2 жыл бұрын Астанаға келдік, жұмыс бастадық, барлық мәселелер біз ойлағаннан да тез шешімін тапты. Бүгінгі күні әлемде қайта өңдеу мәселесі өте маңызды болып тұр. Сондықтан да, бұл жоба Қазақстан үшін, оның ішінде Қызылорда үшін ерекше маңызды деп ойлаймын.
Өндірісі мұнай мен газға және уранға ғана тәуелді Сыр елі үшін расында да бұл жобаның маңыздылығы ерекше. Зауытта жылына 270 тонна резеңке ұнтағы, 440 тонна белсендетілген резеңке ұнтағы мен 3,9 миллион метр жерасты суару түтігі шығарылады.
Елбасы Жолдауында айтылғандай, «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай елімізде егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетін болады. Соған сәйкес, жерасты түтіктеріне сұраныстың артары анық.
Ғалым Әміреев, облыс әкімінің орынбасары:
Қай тұрғыдан алып қарасақ та, әсіресе, экология жағынан өте маңызды. Алғаш рет Қазақстанда осындай өндірісті Қызылордада ашып жатырмыз.
Мамандардың пікірінше, зауыттың болашағы зор. Еліміз бойынша әзірге дөңгелекті қайта өңдеу арқылы резеңке өнімдерін шығаратын жалғыз өндіріс орны осы болғандықтан, бұл жоба еліміз қажеттілігін толықтай қамтамасыз етеді. Сұранысқа сай өнім шығаруға шикізат та жеткілікті.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ