Шағын және орта кәсіпкерлік жұрттың бәріне де ортақ. Елімізде кәсіптің қай түрімен айналысамын десең де, жол ашық. Биылғы Елбасы Жолдауында ішкі жалпы өнімнің 50 пайызы кәсіпкерлік саласынан болуы тиіс деген меже қойылды.
Кәсіпкерлерді жан-жақты қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар да аз емес. Алматы облысында 100-ден астам ұлт өкілі береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Өркендеген өңірдің шағын және орта кәсіпкерлігінде олар да өз қолтаңбасын қалдыруда.
Корей ұлтының өкілдері әдетте ауылшаруашылығына бейім. Текелілік Игорь Цой жуырда ғана алғашқы жылыжайын іске қосты. Қыс айларында халыққа көк пияз, ас дәмдейтін алуан түрлі өсімдіктер ұсынбақ. Кәсіпті бастауға демеу болғаны - Моноқалаларды дамыту бағдарламасы. Ісі оңынан болса, тағы да жылыжай салуды жоспарлап отыр.
Игорь Цой, кәсіпкер:
Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауын жан-жақты сезе бастадық. Мен осы кәсіпті бастау үшін 12 пайыздық үстемақысымен несие алдым. Оның 10 пайызын мемлекет, қалған 2 пайызын мен өтеймін. Бұл - үлкен көмек.
Алматы облысындағы сан алуан ұлт өкілдерінің басым бөлігі кәсіпкерлікпен шұғылданады. Бірі ауыл шаруашылығында, енді бірі халыққа қызмет көрсету саласында. Бүгінде кәсібін дөңгелетемін деген кез-келген Қазақстан азаматына жол ашық.
Әсия Ахметова, Алматы облыстық ұйғыр-этномәдени бірлестігінің төрайымы:
Шынын айту керек, бүгінгі таңда ол үшін бізде барлық мүмкіндік жасалған. Ең бастысы әр адамның жеке жауапкершілігін біз дамытуымыз керек.
Ғабит Тұрсынбай, Алматы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Елбасымыз алдымызға қойған тапсырманы жүзеге асыратын болсақ еліміздің ертеңі гүлденіп, 30 емес алдыңғы қатарлы 10, 20 елдің қатарына енуіміз ғажап емес.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан жетісулықтар Елбасының биылғы Жолдауын бірауыздан қолдады. Ал кәсіпкерлер жағы бұл құжат кәсібімізді дамытып қана қоймай, тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтып отыр.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ