Жосықсыз жарнама белең алып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жосықсыз жарнама белең алып барады

06.02.2014
Жосықсыз жарнама белең алып барады
Монополияға қарсы күрес. Бұл  қазірде шешімін таппай жүрген  күрмеулі мәселеге айналды. Мемлекеттік мекемелер «Монополияға жол бермеу керек!», деп жар салады. Бірақ өзге емес, өздері монополияға қарсы заңды жиі бұзады.
 
Мұндай пікір былтырға есеп беріп, биылға жоспар белгілеген  Бәсекелестікті қорғау агенттігінің алқа мәжілісінде мәлім болды. Отандық нарықты оңалтамын деп, керісінше қалтасын қампайтуды қалайтын мекеме көп.
 
Жалпы, елдегі кәсіпкерлердің тауары шетел өнімдеріне бәсекелес бола ала ма?
 
Қытымыр қысты айтпағанда, көктемде құрылыс материалдарының құны  шарықтайтыны - дәстүрлі әдет. Мәселен, «Шымкент Цемент» пен «Стандарт цемент» компаниялары цемент бағасын келісіп, аспандатып жіберген. Қос мекеме құйтырқы әрекеті үшін сазайын тартты, айыппұл төледі.
 
Заңсыз әрекетке барған мұндай мекемелерге жүктелген айыппұлдың жалпы сомасы 372 миллион теңгені құрайды. Соның салдарынан былтыр  бюджетке шамамен 250 миллион теңге өндірілді. Ал агенттiк пайдасына шешiлген iстердiң үлесi 75 пайызға жеткен.
 
Ғалым Оразбақов, ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгiнiң төрағасы:
Монополияға қарсы заңнаманы бұзудың алдын алу, заң бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы 171 тергеу аяқталды. 2013 жылы жүргізілген тергеулердің 93,6 пайызында монополияға жол берілгендігі анықталды. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 4,2 пайызға артық.
 
Елде жосықсыз бәсеке де белең алған. Яғни, өзінің тауарын өткіземін деп, алдына жан салмайтын мекеме көп. Әсіресе, шетелдің тауарлары отандық нарықта толып тұр. Біздің кәсіпкерлер бәсекеде соларға есесін жіберіп жүр.
 
Ресей мен Беларусьте ет, сүт өнімдеріне мемлекеттен субсидия бөлінеді. Тиісінше, олардың тауар құны арзан, біздікі қымбаттау. Тұтынушыға арзан өнім керек. Одан тек біздің кәсіпкерлер жапа шегіп жүр.
 
Николай Радостовец, ҚР Тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры
«Данон» дейтін халықаралық компания бар. Жарты жыл бойы телеарналарда «Растишка»аталатын тауарын «Ең үздік өнім» деп жарнамалады. Бірақ, бұл ақылға қонымсыз, жосықсыз жарнама. Өйткені, зерттеу нәтижесі бойынша отандық фудмастерімізден еш жері артық емес. Құйтұрқы әрекеті үшін Қазақстан заңының алдында небәры 1 миллион 600 мың теңгемен құтылды. Бұл - күлкілі дүние. Миллиондап табыс тапқан компанияға жазаны күшейту керек.
 
Монополияға, әсіресе, телекоммуникация, темiржол мен азаматтық авиацияда жиі жол беріледі. Бәсекеде белең алған мәселелердің түйінін тарқату үшін агенттік алдына бірқатар тапсырма жүктелді, міндеттер қойылды.
 
Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі:
Бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарды жоспарлы түрде жалғастыруды тапсырамын. Тауар нарығына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету - маңызды міндет. Мынадай бәсекелес қоғамда бұл мәселенің өзектілігі артып отыр. Сондықтан, бізге мемлекеттің бизнеспен, үкіметтік емес сектормен арадағы өзара іс-әрекет тетіктерін жаңарту қажет.
 
Монополияға қарсы күрестің жауапкершілігін  тек жауапты агенттікке артып қойған жөн емес. Өйткені, қазіргі заман - бәсекелестер ортасы. Кімнің тауары арзан әрі сапалы, сол елдің әлеуеті артады. Бұл - экономика заңы, нарық талабы.   
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу