Ең қымбат Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы кеншілер шаһарында 11 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал, кейбір елді мекендерде 15 мың теңгеге дейін өскен. Бұл - алып-сатарлардың айласы. Әйтпесе, шахтадан босатылатын баға небәрі 10 пайызға көтерілген. «Қалған 30 пайызды делдалдар қосып отыр», - дейді жергілікті билік өкілдері. Олар бұл жағдайды жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектің қымбаттауымен байланыстырады. Себебі, өңірде көмір тапшылығы жоқ. Биыл кенді аймақтағы 11 шахта мен 9 разрез 23 миллион тонна көмір өндірген. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 12 пайызға жоғары. Ал, облыс тұрғындары жылына небәрі 2 миллион тонна көмір жағады. Қазір барлық жерде кезек бар.
Ғазиз Төлеуов, Қарағанды облысы Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Бағаны реттейтін, қадағалайтын мемлекеттік орган бар ғой. Солармен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Қазір ол кісілер көмір өндірушілермен, олардан кейінгі делдармен жолығып, бағаны өсіріп отырғаны негізсіз бе, сол бойынша жұмыс істеп жатыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ