Қаланың іргесіндегі Красный Яр елді мекенінде тұратын Сайлыбаевтар отбасының екі баласы суық түскелі далаға шығудан қалды. Себебі, балалардың жылы киімі жоқ. Көмекке зәру көпбалалы отбасының жағдайын тілшіміз Ермек Елберген біліп қайтты.
Күн суытып, ызғар түскелі Әмірхан мен Әділханға сыртқа шығу мұң болды. Балалардың мектепке бармағанына да екі аптадан асты. Себебі, жылы киімдері жоқ. Дегенмен, олардың оқуға деген құлшынысы жоғары. Қатарластарынан қалмау үшін сабақтарын үйде оқиды.
Әділхан Сайлыбаев, оқушы:
- Үй тапсырмасын сыныптастарымнан білемін. Мұғалім анамның ұялы телефонына жіберіп тұрады. Сабақты үйде істеймін. Мектепке бармаймын. Мектепке барғым келеді. Сыныптастырыммен көрісіп, ойнасам екен деймін.
Әмірхан мен Әділханнан өзге отбасында тағы төрт бала бар. Аналары Әсемгүл Сайлыбаева қазір бала күтімі бойынша еңбек демалысында. Дегенмен, таныстары арқылы жұмысқа орналасып, аз-маз ақша тауып жүр. Алайда, тиын-тебен азық-түлік пен баспана жалдаудан артылмайды.
Әсемгүл Сайлыбаева, көпбалалы ана:
- Мен көпбалалы ана ретінде 6 балаға бар жоғы 9 мың 400 теңге аламын, мүлдем жетпейді. Пәтерді 15 мыңға жалдаймын. Оған коммуналдық төлемді қосыңыз. Күн суытты. Отын-көмір алу керек. Үлкен қызым даяшы болып табыс табады, алатын ақшасы аз. Мен де арасында кондуктор болып істеймін. Сонда да қай жағыма жеткізерімді білмеймін.
Отбасы баспана тауқыметін тартып-ақ келеді. Себебі, кірістің басым бөлігі пәтерақыға кетеді. Қазір тұрып жатқан үйдің пеші дұрыс істемейді. Бірнеше күн бұрын бүкіл отбасы түтінге уланып қала жаздаған. Қиындыққа тап болған отбасына жергілікті атқамінерлер қарайласатын болды.
Жанна Хабибулина, Көкшетау қалалық Білім бөлімінің бас маманы:
- Балалардың анасын біздің бөлімге шақырдық. Жағдайы қиын отбасы ретінде есепке алынды. Жақын арада материалдық көмек көрсетіледі. Киіммен қамтамасыз етеміз. Одан бөлек, оларға мектепте ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ, Красный Яр селосының әкімдігіне отын-көмір алып беру жөнінде хат жолдамақпыз.
Балалардың әкесі қамқорлықты мүлдем ұмытқан. Төленбеген алимент көлемі 2 миллион теңгеден асқан. Сондықтан, Әсемгүл мен балалары кез келген көмекке қуанады.
Ермек ЕЛБЕРГЕН