Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан «Қалжат» кеден бекетінде жаңа көліктік-логистикалық орталық ашылды. Заман талабына сай жабдықталған кешенде кедендік рәсімдеу аумағы да жұмысын бастады. Қазір «Қалжат» бекеті арқылы күніне 80 машина өтеді. «Енді жаңа орталықтың арқасында бұл көрсеткіш екі есеге артады», - дейді мамандар. Орталықтың тағы қандай тиімділігі бар? Тілшіміз айтсын.
Қазақстан мен Қытай шекарасында салынған жаңа орталық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолындағы тауар айналымы мен республикамыздың көліктік-транзиттік әлеуетін арттырады. Себебі, заман талабына сай жабдықталған орын жүк көліктерінің кедендік тексеру рәсімін жеделдетеді әрі жеңілдетеді.
Ғұсман әмрин, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұрынғы бекеттің мүмкіншілігі болған жоқ. Өздеріңіз көрдіңіздер, көлік келгенде орын болмайды, тұруға да, жүруге де. Логистикасы қиын болды. Сол үшін көліктер далада тұрады, кіре алмайды. Ол енді кедендік рәсімдерге кедергі келтіреді. Олар кезең-кезеңімен тұрады бірін-бірі күтіп. Сол жағынан қарасақ қазір бірнеше есе төмендейді уақыты. Бұрын 5-6 сағат болатын болса, енді алдымызға қойған мақсат бір 30 минуттың ішінде шығару.
Орталық жұмысы бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді. Мұнда отандық кәсіпкерлер мен сыртқы экономикалық әріптестер үшін қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Сондай-ақ, «Астана-1» ақпараттық жүйесінің «транзит» модулі де іске қосылған. Осы жүйе алдын ала ақпаратты берген сәттен бастап, тауарларды шығарғанға дейінгі барлық кедендік процестерге автоматтандырылған бақылау орнатуға мүмкіндік береді.
Әлім Жусанбаев, «Қалжат» өткізу бекетінің басшысы:
- Бірінші мәселе, халыққа жұмыс беріп жатырмыз, жұмыс беру мүмкіндігі. Сонымен қатар, тауар айналымы күшейіп жатыр. Бүгінгі күні логистика дегенді бір-ақ ұғыммен түсінуге болмайды. Ол логистика жүк әкелуші мен жүк әкетушінің арасындағы алтын көпір екенін өздеріңіз білесіздер.
Құны 10 млрд. теңге болатын орталықтың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған. Мамандардың сөзінше, алдағы уақытта осы келісімнің аясында аталған орынды одан әрі кеңейту жоспары бар. Өйткені, «Қалжат» пункті елімізді халықаралық көлік-логистика жүйесімен біріктіретін бекет. Сондықтан, Қазақстанда шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту ісі Еуразияның ең ірі логистика жүйесін құруға жасалған алғышарт болмақ.
Алмат ӘБДІРАМАН