Алматы облысында көп қабатты үйлердің тұрғындары пеш жағуға мәжбүр. Себебі, бұл баспаналар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Жалпы, өңірде үш мыңнан астам көпқабатты үй болса, соның жартысынан көбі орталық жылу жүйесіне жалғанбаған. Ал, жергілікті билік мәселені түбегейлі шешуге қауқарсыз. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы толықтырады.
Жанат Нұрғалиева күнде осылай 4-ші қабатқа көмір тасиды. Қартайғанда тұрмыс тауқыметін тартпайын деген зейнеткер бес жыл бұрын көпқабатты үйден пәтер сатып алған еді. Ол кезде дәл осы 50 пәтерлі тұрғын үй жылу жүйесіне қосылады деген мәселе көтерілген. Содан бері бес жыл өтті, кейуана бейнеттен арыла алмай келеді.
Жанат Нұрғалиева, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
- 4-ші қабатқа көмір тасып шығару, ағаш тасып шығару оны күнделікті тасимыз ғой енді. Жер үй емес. Қиыншылығы өте көп, әрине. Жан-жақтан кір де жая алмайсың қыста. Өйткені, түтін шығып жатады. Елдің бәрінің үйінде пеші бар.
Жылдағы көрініс осы. Күн суытса тұрғындардан маза қашады. Отын іздеп әбігерге түскен жұрт кейде көмірді ақшасына таппай қиналып қалады. Лаждап күн кешіп жатқан жұрт мәселені шешеміз деген жергілікті атқамінерлердің уәдесіне сенбейтін болған.
Фаягүл Сайфуллина, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:
- Өтінішім осы. Әкімдік жылда уәде етпесінші. «Қолымыздан келмейді» десе бәріміз түсінеміз. Ал, енді жылда айтады «келесі жыл, келесі жыл, келесі жыл». Осылай жылда күтіп отырмыз.
Облыс бойынша жылу жүйесіне қосылмаған 1800 көпқабатты үй бар. Жергілікті билік бұл баспаналардың мәселесін жуық арада шешу мүмкін емес дейді.
Дамир Дәулетханұлы, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- Аталған мәселе жоспарлы түрде шешілуде. Облыс әкімшілігі аудан әкімшілігімен бірлесе жобалық-сметалық құжаттармалар әзірлеуде. Жаңадан жылу жүйелерін салып жатырмыз. Орталықтандырылған қазандықтар салып жатырмыз.
Алматы облысындағы кейбір елді мекендерде орталық жылу қазандығы жоқ. болса да, оған тартылған жылу жүйесінің тозығы жеткен. Сондықтан, мәселені түбегейлі шешу үшін қомақты қаражат қажет.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ