Нұрсұлтанның арманы орындалды. Өткен аптада Қызылордада Мемлекет басшысымен кездескен 7 жасар бала Елбасына «Басты арманым – Астананы көргім келеді» дегені естеріңізде болар? Сол Нұрсұлтан көп уақыт өтпей отбасымен бүгін елордаға келді. Қаланың көрікті жерлерін аралап, ұмытылмас әсер алды. Астанаға аттанбас бұрын оны облыс әкімі қабылдап, сәт сапар тілеп жолға шығарып салды. Нұрсұлтанмен біздің тілшіміз кездесіп қайтқан еді.
Кішкентай Нұрсұлтанның арманын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі орындады. 6 күн бұрын Президентпен кездескен бүлдіршін бүгін отбасымен елордаға келді. Баланың қуанышында шек жоқ. Мемлекет басшысының батасын алған перзенттің Астанаға жасаған алғашқы қадамын әжесі жақсылыққа балайды.
Нұрсұлтан Арал қаласында оқиды. № 260 мектептің 2-сынып оқушысы. Тумасынан зерек бала бүгінде оқу озаты. Астананы армансыз аралап, арнамыз арқылы Елбасыға сәлемін жолдады.
Ол бүгін көптен күткен сәтті сезінді. Бәйтеректің басындағы арманына қол жеткізді. Тағы бір тілек тіледі. Енді бала Нұрсұлтанның алдағы арманы жас Астанамен астасып, өсе беру.
Бақытжан ОМАР