Мәскеуде Алматының азық-түлік апталығы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Алматының азық-түлік апталығы басталды

11.10.2017

Биылғы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстаннан Мәскеу қаласына 36 мың тонна азық-түлік экспортталды. Оның басым көпшілігі Ресей астанасындағы «Фудсити» деп аталатын логистикалық орталықта сатылған. Енді бұл көрсеткішті еселеп, алыс-берісті одан да арттыру үшін, кеше осы орталықта Алматы қаласының азық-түлік апталығы басталды. Шараның барысына Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы куә болды. 

Мәскеу қаласындағы «Фудсити» деп аталатын көптеп сату орталығында Алматы қаласының апталығы ашылды. Яғни, енді бір апта бойы Алматы қаласында шығарылған азық-түлік пен киім-кешек өнімдері көпшілікке таныстырылады деген сөз. Қазақстандық кәсіпкерлер елімізде шығарылған тауардың түр-түрін сөреге самсатып қойды. Сонымен қатар, бизнес қауымдастық өкілдері арнайы конференция өткізіп, Қазақстанның инвестициялық және экспорттық әлеуетін жан-жақты таныстырды. 

Жібек Әжібаева, Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті:

- 25 компанияның атынан 100-ден аса өнім әкелдік. Өткен жылы біз тек қана тамақ әкелгенбіз, ал, биылғы жылы жеңіл өнеркәсіпті, оның ішінде қолөнер бұйымдарын да алып келдік. Біраз халық келіп, көріп кетсе, меніңше, ғажап таң қалады.

Конференцияның ресми бөлігі аяқталған соң, мәскеулік және шетелдік қонақтар Қазақстан павильонына арнайы келді. Отандық кәсіпкерлер шетелдік меймандарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Оларға арналып жеке киіз үй тігілді, жастар жағы тіпті, домбырамен ән айтып алдарынан шықты. Содан соң қонақтар Қазақстанда жасалған тауарларды ұстап қана көрмей, олардың дәмін де татты.

Игорь Высоков, кәсіпкер:

- Біздің компания Екатеринбург қаласында қазақстандық тауарларды сатумен айналысады. Бірінші кезекте ұн, макарон және кондитерлік өнімдерді үлкен көлемде импорттаймыз. Азық-түліктің барлығы бәсекеге қабілетті. Яғни, сапасы жақсы, бағасы қолайлы.

Соңғы кездері Қазақстанда жасалған тауарлар Ресейдің өзінде бір брендке айналды. Мәселен, Мәскеу, Санкт-Петербург сынды ірі қалаларда тек қана қазақстандық азық-түлік өнімдерін сататын арнайы дүкендер жұмыс істеп тұр. Бұл әріптестік алдағы уақытта тағы да кеңея түседі. Мәселен, бұл жолғы Алматының апталығы аясында бірқатар отандық кәсіпорындар ресейлік дүкендер желісіне өз тауарын сату жөнінде арнайы келісімге келді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу