2018 жылдан бастап 2 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдық округтердің дербес бюджеттері болады. Қазір оған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Көкшетауда өткен ауыл әкімдерінің республикалық форумы осы тақырыпқа арналды.
Ауылдық округ бюджеті салықтың 6 түрінен, айыппұлдар мен ақылы қызметтерден жасақталады. Ол қаржының қайда, қалай жұмсалу керектігін әкімдік тұрғындардан құралған кеңеспен келісіп шешеді. Форумға қатысқан Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының өкілдері ауылдар тиісті техникамен жабдықталып, жылдамдығы жоғары ғаламторға қосылғандығын жеткізді. Әкімдер арнайы оқытылған. Алайда, республика бойынша ауылдық округтер әкімдерінің 30 пайызы жаңадан сайланған. Сондықтан мамандарды оқытуды әлі де жалғастыру қажет.
Дінмұхамед Қалиев, Қосшы ауылдық округінің әкімі:
- Бірінші біздің көтеріп жатқан мәселеміз бізде қазір штат жетіспейді. Ауылдық округтарда бухгалтерлер жоқ, салық жинайтын мамандар жоқ, мемлекеттік сатып алумен айналысатын кісілер жоқ.
Айбатыр Жұмағұлов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
- Көптеген ауылдар әрине, аудан деңгейінен қолдауды қажет етеді. Сондықтан, субвенциялар сол бойында қалады. Әрине, ол ауданның әкімшілігімен келісу арқылы жүзеге асады. Себебі, аудан әкімшілігі жалпы ауданның әлеуметтік жағдайына жауапты. Сол себепті, тек қана біз айтқан салықтан бөлек, штраф түсімдерінен бөлек, субвенциялар қарастырылады.
Ермек ЕЛБЕРГЕН