Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары көгілдір отынның тапшылығын көруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында ауыл тұрғындары көгілдір отынның тапшылығын көруде

12.10.2017

Мұнайлы ауданының Баянды ауылына газ құбыры тартылса да, жүздеген тұрғын іргедегі  көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Себебі, тұрғындардың баспаналары бас жоспарға кірмеген. Ал, жергілікті билік күрмеуі көп мәселені бүгін-ертең шеше қою мүмкін емес,- дейді.

Газ құбыры іргеден өтсе де,  қол созым дүниенің қызығын көре алмай отыр тұрғындар. Қыс келген сайын жұрт от жағып әбігерге түседі. Олар ауылдың айналасындағы отынға жарамдының бәрін жағып тауысқан. Себебі, отынсыз отырғандар үшін ешкім көмір тасып әкеліп бермейді. Сондықтан тұрғындар қолға түскеннің бәрін  тамызыққа жаратады.

От жақпайтындары тоқ пеш қосып жан бағуда. Элект энергиясын шамадан тыс қолданған соң, бүкіл ауылды қамтуға тоқтың күші де  жетпейді. Жауапты мекеменің рұқсатымен тұрғындар бағананы өз күштерімен  орнатыпты. Әрқайсына 100 мың теңгеге жуық ақша төледік, - дейді көпшілік. 

Жанна Азан, ауыл тұрғыны:

  - Газ да, электр қуаты да тартылған жоқ. Өткен жылдан бастап қайта-қайта арыз жазып, бармаған жеріміз жоқ.

Ықылас Әуезов, ауыл тұрғыны:

 - Дайын болған ешнәрсе жоқ. Төртінші жыл тұрып жатырмын. Өз ақшамызға тарттырайық дейміз. Бірақ, шамамыз жетпейді. Есептесек, бес жарым миллион керек екен.

Жергілікті билік тұрғындардың проблемасынан құлағдар. Бірақ, мәселені шешу үшін уақытпен қоса қаржы керек, - дейді олар.

Рахмет Таймұратов,  Баянды ауылының әкімі:

 - Бұл жерлер бас жоспарға енбеген. Жалпы, осы жылы бюджеттен ақша қарастырамыз. Ұсыныс жасалды. Қазір жоба жасақталып жатыр.  Жоба дайын болғанда тартып береміз тоғын да, газын да.

Тұрғындар мәселе оң шешімін табар деген үмітте. Ал, жалпы, Маңғыстау облысы жылу маусымына толық дайын деп сендіреді жергілікті билік. Бірнеше күннен кейін әуелі  әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды. 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу