Қазақстан Қытайға газ экспорттай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Қытайға газ экспорттай бастады

16.10.2017

Бұрын тек Еуропа нарығына бағытталып келген отандық көгілдір отын енді Азия нарығына да шықты. Газдың алғашқы бөлігін құбырға жіберу Шымкент қаласы маңындағы Ақбұлақ станциясы мен «ҚазТрансГаздың» диспетчерлік орталығы арасындағы онлайн байланыс арқылы жүзеге асырылды.

Қазақстанның батысында өндірілген газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры арқылы «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық газ құбырына жіберілді. Ал, Қытай тарапы тауарды Қорғас бекетінен қабылдап алады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- «ҚазТрансГазға» кіретін компаниялар және осы газды өндіретін компаниялар, ол «Ақтөбемұнайгаз», ТШО болсын тағы басқа 900 млн. АҚШ долларынан астам пайда табады.

«ҚазТрансГаз» компаниясы еліміздегі негізгі газ маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік беретін ірі жобаларды жүзеге асырды. Қытай нарығына газ экспортау осының бір көрінісі. Экспорттық маршрут 3 мың шақырымды құрайды және 10-нан астам компрессорлық станция жұмылдырылған.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- ҚМГ газдық дивизионы үлкен жұмыстар атқарды, 30 қыркүйек күні келісімге қол қойылған болатын. Енді бүгіннен бастап, газдың тасымалдануы басталды. Бұл өте маңызды оқиға біздің елімізге, экономикамызға.

Қытайға жылына 5 миллиард текше метр газ сату, бұл жобаның бастамасы ғана. Ұлттық газ операторы бұдан екі есе көп газ шығаратын техникалық мүмкіндіктерге ие. Мамандар бүгінгі  оқиғаны – саладағы ең ірі бетбұрыстың бірі деп бағалап отыр.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу