Оңтүстік Қазақстан облысында күйдіргі ауруының ошағына айналу қаупі бар аймақ темір бетонмен қапталып, қоршауға алынады. Бұл жұмыстарға облыс қазынасынан 101 миллион теңге бөлінді. Сайрам ауданына қарасты Жартытөбе ауылының маңындағы бұл аймаққа осыдан 30 жыл бұрын ауру малдың өлекселері көмілген болатын.
Алайда, іргедегі Ақсу өзенінің табанынан бейберекет тас пен құм алудың салдарынан арна бұзылып, қазір мал қорымын су шайып кету қаупі туып тұр. Күйдіргі инфекциясының 100 жылға дейін жойылмайтынын ескерсек, індет Ақсу өзенін бойлай Арыс және Сырдария арқылы Аралға дейінгі аумақты түгелдей улауы әбден мүмкін. Мамандардың арнайы зерттеу жұмысынан соң қатерлі аймақты оқшаулау жұмысы басталды.
Батырғали Сопбеков, Облыстық төтенше жағдайлар депарменті бастығының орынбасары:
- Қазіргі таңда аталған мердігермен алдын алу жұмыстары, ол жерде арна түзу жұмыстары, жағаны темір бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізеді. Жалпы, ұзындығы 1 мың 500 метр. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен аталған нысанның айналасын қоршау жұмыстары жүргізілетін болады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ