Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы төмен

20.10.2017

Мәселен, алғаш жұмысқа орналасқандар үшін 30 мың теңге шамасында болса, ең жоғары санатты дегендерінің өзі 70 мыңнан аспайды. Сондықтан, кәсіби тәлімгерлер қызметін өзге салаларға ауыстыруға мәжбүр. Бүлдіршіндерді бүгінгі өмірге бейімдеп, болашағына нұр себетін маңызды мамандық неге сонша елеусіз? Тілшіміз Раушан Сайлауқызы мәселеге үңіліп көрді.

Сүйікті мамандығын тәмамдағанымен, нәпақасына наразы болған жандардың бірі – екі баланың анасы Айнұр. Астаналық тұрғын кәсібінің нәсібін көрмегеніне налиды. Қазір ол отбасының қамы үшін қарапайым қара жұмысқа орналасқан.

Айнұр, қала тұрғыны:

- Осыдан 3 ай бұрын балабақшаға жұмысқа тұрып едім. Бірақ, жұмыстан шығып кеттім . 35000 теңге үйдің қаражатына, балаларыма жетпеді. Негізі тәрбиеші болып жұмыс істеген ұнайды өзіме.

Баланы -  өмір гүлі десек, тәрбиеші – олардың бағбаны. Өсіреді. Үйретеді. Тәлім береді. Білімге баулиды. Осы бір маңызды мамандықты меңгергенімен еңбекақысына көңілі толмайтындар қатары көп. Енді бірі өзге жұмыс іздеп әлек. 

Қазір Астана қаласындағы балабақшалардың бірінде тұрмыз. Тәрбиеші мамандығының қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін сезіну үшін өзім сол рөлге кіремін. Әрине, ол үшін мамандар да маған көмектеседі. Ендеше бастаймыз ба?!

Балабақшадағы небәрі 3 сағаттың ішінде 30 балаға ана болудың, пана болудың қаншалықты қиын екеніне көз жеткіздім. Ал, бұл қызметті күн сайын атқарып жүрген сала мамандарына қандай құрмет көрсетсек те лайық.

Сырт көзге оңай болғанымен, баланың көңілін табу, жан-дүниесін түсіну, тәлім-тәрбие беру –оңай жұмыс емес екен. Десе де, барын бағалап, аз айлықты қанағат тұтып жүрген тәрбиешілер саны  қаншама.

Елімізде 8800 мектепке дейінгі мекемеде 750 000-нан астам бүлдіршін бар. Ал, ондағы тәрбие ісімен айналысатын мамандардың саны 80 мыңға жуық. 

Кәсіби тәрбиешіден гөрі үйдегі бала күтушілердің жағдайы әлдеқайда жақсырақ сыңайлы.  Мәселен, желідегі самсап тұрған жариядан жалақы бағамының 100 000 теңгеден түспейтінін байқауға болады.

 «Бала күтушілері» орталығының қызметкері:  

- Бағасы қанша? Мен енді іздеп жатырмын. – Қазір орташа айлық 120 000, кейбірі 150 000 төлейді.

Ал, шетелдегі тәрбиешілердің жалақысына келер болсақ, ең жоғары айлық алудан Англия мен Норвегия көш бастап тұр. 1 млн. 500 000 теңге. Кейін Австралия - 1 200 000, Жапония - 1 100 000, Канада – 1 000 000, Корея -  750 000, Қазақстан - 35 000-70000 теңге.

Еліміздегі барлық қалада тәрбиешілердің жалақысы бірдей. Тек ауылдық жерлерде 25 пайыз қосылады. Білім және ғылым министрі жуырда тәрбиешілерге жеңілдік жасау керектігін айтты. Нәтижесі белгісіз. «Ал, жалақыны өзгерту үшін өзге де бірқатар саланың еңбекақысын көтеру қажет», дейді министрлік. Сондықтан да, бұл бүгін-ертең шешілер мәселе емес. Десе де, Үкімет тарапынан ұсыныс бар.

Жұлдыз Жанмұханбетова, ҚР БҒМ Бюджетті жоспарлау департаментінің бас маманы:

- Балабақша қызметкерлерінің жалақысын көтеру бойынша ұсыныстар қаралып жатыр. Бюджеттің мүмкіндігіне байланысты шешіледі.

Ахметше айтар болсақ, «балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын». Алайда, сананы тұрмыс билейді деген қағидаға сүйенсек, бұл саладан кәсіби мамандар кетіп, орнына кездейсоқ адамдардың келуіне әкеледі. Осылайша, балалар бақшадан тәрбие мен тәлім емес, айғай мен шапалақ жеп қайтады.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу