Қызылордада «Ассоль» брендімен тұз шығарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада «Ассоль» брендімен тұз шығарыла бастады

23.10.2017

Зауыттың іске қосылғанына аз ғана уақыт болса да сұраныс өте жоғары. Сапалы әрі арзан өнімге шет елдерден де тапсырыс түсуде. Қазір осыған орай келіссөздер жүріп жатыр.

Тау болып үйіліп жатқан тұз арнайы карьерден қазылып әкелінген. Мұны әрине, біз дәл бұл күйінде пайдалана алмаймыз. Бұл-шикізат. Ол бірнеше сатылы өңдеуден өтеді, сосын барып тұтынушыға жіберіледі.

Зауыттың қуаттылығы сағатына 3 тонна. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұр. Осы жерде шикізат жуылып, кептіріледі, өңделеді, қапталады. Бұл процестің барлығы жаңа технологияның  көмегімен жүзеге асырылуда.

Абзал Қанатұлы, кәсіпорын басшысы:

- Жылына 8 мың тонна тұз өңделеді. 7400 тоннаны сатып үлгердік. Қазақстанның барлық облыстарына сатып жатырмыз.

Басты міндет-бәсекеге қабілетті өнім шығару. Себебі, қазір нарық талабы қатал. Оның үстіне,  өзге елдер тарапынан тұзға сұраныс жоғары. Сондықтан да, кәсіпорын соны әдістерді  пайдалана отырып, өндіріс көлемін және сәйкесінше сапасын арттырмақ.  

Ғазиза Райымбекова, зертхана меңгерушісі:

- Мына жерде біз тұздың құрамында йодын анықтаған болатынбыз. Нәтиже көрсеткіші бойынша 0,38 процент көрсеткіш. Сосын мына жерде тұздың ылғалдылығын өлшедік. Тұздың ылғалдылығы 1-партия бойынша 0,10 процент. Яғни, біздің шығарып жатқан «Ассоль» тұзымыз стандартқа сәйкес барлық жағынан да, тұздылығы, түсі, дәмі, бәрі де.  

Сыр елі «Аралтұз» өнімімен әлемдік нарықты жаулады. Енді міне, оның қатарына «Ассоль» қосылды. Натрий хлоридінің табиғи мол қорын тиімді пайдаланудың нәтижесінде облыстың экономикалық әлеуеті артуда. Себебі, ас тұзы дүниежүзінде ең көп пайдаланылатын өнім. 

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу