Отандық авто өндіру көрсеткіші үш есе артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық авто өндіру көрсеткіші үш есе артқан

23.10.2017

Биыл Астана әкімдігі өз қажеті үшін 54,9 миллион теңгеге «Мерседес-Бенц» көлігін сатып алған. Ал, жалпы осы жылдың өзінде еліміздегі мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компаниялар шетелдік көлік сатып алу үшін 6 миллиард теңге жұмсаған. Бұл туралы бүгін «ҚазАвтоПром» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы басқармасының төрағасы Олег Алфёров хабарлады.

Одақ төрағасы бұл ретте мемлекеттік мекемелерге шетелдік көліктерді алуға тыйым салатын мораторидың қайта күшіне енуін сұрап отыр. Қазір Қазақстанда құрастырылған көліктің басым бөлігі көрші Қытай, Ресей, Беларусь және Тәжікстан елдеріне экспортталып жатыр. Ал, өткен айда Өзбекстан билігінің отандық өнім үшін акциздік кедергіні жоюына байланысты, көрші республиканың автонарығына жол ашылғаны белгілі. Осылайша, көлік өнеркәсібінің ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі шамамен 40 пайызға артты.

Олег Алферов, «ҚазАвтоПром» Қазақстан автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының басқарма төрағасы:

- Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында жалпы құны 101 млрд. 400 млн. теңгеге 13 мыңнан астам көлік құрастырылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 3 есе көп. Көлік жүргізушілері арасында «Лада», «Kia» және «Hyundai» маркалы темір тұлпарлар үлкен сұранысқа ие. Дегенмен, 2017 жылы мораторий алынғандықтан, мемлекеттік қызмет пен ұлттық компаниялар шетелден келетін көліктерді жаппай алып жатыр.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу