Жаңарқа ауданында миллиондаған қаржы салынған сүт өңдеу цехы жылдар бойы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңарқа ауданында миллиондаған қаржы салынған сүт өңдеу цехы жылдар бойы тоқтап тұр

23.10.2017

Үкіметтегілер техниканы жаңарту керек деп дабыл қағып отырғанда кейбір өңірлерде жағдай мүлдем керісінше. Қарағанды облысының Жаңарқа ауданындағы 2006 жылы іргетасы қаланған сүт зауыты осы күнге дейін бірде-бір өнім өндірмеген. Мемлекеттің 63 миллион теңгесіне тұрғызылған зауыт елімізде тек бірді-екілі кәсіпорындарда ғана бар заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Жаңаарқа ауданы Қарағанды облысындағы мал шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Фермерлер үшін орталықтандырылған сүт цехы ауадай қажет. Алайда, осыдан он жыл бұрын салынған цех әлі күнге іске қосылған жоқ. Себебі, қосымша қаражат қажет.

Атасу кентіндегі 2006 жылы салынып біткен бұл зауытқа 3 жылдан соң Болгариядан жаңа қондырғылар жеткізілген. Ол үшін «Аграрлық несие корпорациясы» 63 миллион теңге бөлген. Алайда, жұмысты жолға қою үшін, яғни, айналымға бизнес жоспарда ақша қарастырылмапты. Осының салдарынан зауыт іске қосылмай қалған. Кәсіпорын қожайындары болса, алған несиені өтеумен әлек.

Бағлан Салжанов, сүт зауытының құрылтайшысы:

- «Аграрлық несие корпорациясына» 20 миллиондай қарызымыз қалды. Оны жаңа жылға дейін басқа шаруашылықтардың есебінен жабамыз деген ойымыз бар.

«Зауытты іске қосу үшін, шамамен, 50 миллион теңгедей қаржы керек», - дейді Ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы. Ал, кәсіпорын қожайындары несие алғанда барлық дүние-мүлкін кепілдікке қойып тастаған. Жергілікті билік өкілдері қаражат алудың басқа көздерін тапты.

Дүйсенбек Ахметов, аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 18 миллион теңгеден 3 адамға беретін болса, ол 54 миллион деген сөз. «Даму» банкі 85 пайызына гарант болатын болса екінші деңгейлі банктердің алдында, ал, қалған 15 пайызын өз қаражаттары есебінен тауып отыр олар.

Осылайша, зауыттың үш үлескері қажет қаражатқа қол жеткізсе, келесі жылдың көктемінде кәсіпорын іске қосылуы мүмкін. Бұл зауыт бір ауысымда 10 тонна сүт өндіріп, 11 түрлі өнім шығарады деп күтілуде. Еш қалдықсыз, тіпті, ақырғы көк сүтінен су сабын да жасайды деген жоспар бар. Жаңа нысанның ашылуын аудандағы фермерлер де тағатсыздана күтіп жүр. Солардың бірі - Жасұлан Абайділдин. Ол 150 бас сиыр сатып алып, биыл шаруасын бастаған.

Жасұлан Абайділдин, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бір күнде 500-600 литр сүт өндіре аламыз осы жерден. Мұны апарып Қарағандыға өткізе алмаймыз, алыс. Осы Жаңарқадан ашылып, Жаңарқада болса, бұл бізге жақсы болар еді. Мына кезден жақын апарып өткізуге.

Жаңаарқа ауданында барлығы 735 шаруа қожалығы болса, көпшілігі сүт бағытын дамытып отыр. Сонымен қатар, былтыр 7 бірдей ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Демек, сүт зауыты үшін шикізаттан таршылық болмайды.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу