Биыл «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 10 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 10 жыл

24.10.2017

Аумағы 161 мың гектарға созылған айрықша қорғалатын аймақ 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде парктегі жан-жануарлардың саны да едәуір өсіп, жыл сайын туристердің де қатары қалыңдады.

Көлсай әлемдегі суы ең тұнық, ең таза көлдердің бірі. Ал, ұлттық парк жабайы аңдар мен өсімдіктердің алуан түрімен ерекшеленеді. Қазір мұнда өсімдіктердің - 704, жануарлардың - 226, құстардың - 197 түрі кездеседі. Оның басты байлығы - фарель балығы мен еліміздің символына айналған - қар барысы. Тау ішіне құрылған фото қақпандар арқылы паркте 15 барыс бары анықталды.

Әміржан Малыбеков, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ директоры:

- 161 мың 45 гектардың 3-тен бір бөлігін ғана біз зерттедік. Ал, қалған бөлігін зерттесек, ол жерде де жоқ емес дейміз, себебі, жан-жануарлардың сандары 5 есе, 4 есе, кейбір жәндіктер 10,20 есе өскенін байқадық.

Көлсайдың көз тартар көлдеріне қызығып, сырт елден келетін саяхатшылар аз емес. Мәселен, 2007 жылы бар-жоғы 6 мың қонақ келсе, биыл 5 мыңға жуық адам келген. Он жылда туристердің саны 5 есе өскен. Сондай-ақ, биыл Астанада өткен «ЭКСПО» көрмесінің нәтижесінде 600-ден астам шетелдік тамашалаған. Ал, «Туристердің көбеюі көл іргесіндегі Саты ауылының да әлеуметтік жағдайының жақсаруына сеп болды», - дейді жергілікті жұрт.

Жамбыл Мыхитанов, «Қазақ орман орналастыру» РМК директоры:

- Бүгінгі күні ойлап қарасаңыздар, Райымбек ауданындағы ең жақсы ауыл Саты ауылы болып отыр. Өйткені, осы жердегі жергілікті тұрғындардың барлығы туристер арқылы, маусымдық мезгілде турист күту арқылы өздерінің кәдімгідей мына жанұяларын кәдімгідей жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Бүгінде мұнда 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді. Биыл туристердің артуына байланысты қызмет көрсету сапасы мен парктің инфрақұрылымын жақсарту ісі жоспарда бар.

Бұрын мына жерде көлге келіп демалатын қонақтардың тынығуына арналған 1 қабатты 10 шақты үй болған еді. Қазір, көріп тұрғандарыңыздай, барлығы бұзылып тек іргетастарының орны қалған. Неге десеңіз, келесі жылы бұл жерге заманауи еуропалық стандартқа сай жаңа үйлер салынбақ.

Жаңа үйлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде кәсіпкерлердің қаржысына салынады. Парк үшін тағы бір жақсы жаңалық - көлге барар жол да қайта жөнделуде. Қазір күре жолдың бойында қызу жұмыс жүріп жатыр.

Тұрарбек Мұсаханов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Бірінші кезеңін сол Жалаңашқа дейін жол жоқ болатын. 22 шақырым. Соны қалпына келтірді. Енді осы Жалаңаш пен Сатының арасындағы бұл республикалық жол депутаттық сауал арқылы қаржы бөлініп келесі жылы ол пайдалануға беріледі.

Туристер ағылып, тоқтамай сабылып жатуы үшін атқарылар шаруа көп. 10 жылдың ішінде осы мәселелерді жіті зерттеген парк ұжымы қонақтарға қызмет көрсету жолдарын жан-жақты қарастыруда. «Өйткені, Көлсай көлі жылдың қай мезгілінде болмасын адамды өзіне баурап, тартып тұратын қасиеті бар», - дейді орманшылар.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу