Семейде мектеп оқушылары мүмкіндігі шектеулі балалар мен обыр дертіне шалдыққан бүлдіршіндерге қолдау көрсетуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде мектеп оқушылары мүмкіндігі шектеулі балалар мен обыр дертіне шалдыққан бүлдіршіндерге қолдау көрсетуде

25.10.2017

Олар «Вена балынан» түскен 1 млн. теңгеден астам қаржыны мұқтаж жандарға көмек ретінде берді. Қайырымдылық шарасы өңірде дәстүрлі түрде өтіп келеді, биыл игі іс «Қоғамға қызмет» жобасы аясында жүзеге асты. 

Адам өміріндегі ең игі қадамдардың бірі - мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Осыны тереңінен түсініп, қоршаған ортаға мейірім таныта білген оқушылар, жылда қайырымдылық бағыттағы балға тыңғылықты дайындалады. Биылғы шарадан қаладағы мәдени мекемелер мен орта білім беретін 5 мектептің ұжымдары да шет қалмады.

Дастан Беков, 12-сынып оқушысы:

- Осы шараға қатысу барлығымыз үшін маңызды болып табылады. Себебі, бұл тек қана би билеп, ән айту емес. Сондай-ақ, қайырымдылық арқылы біздің мәдениетімізді қалыптастыру болып табылады.

«Мұндай шара балаларды қайырымды іс жасауға тәрбиелейді», - дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, би өнері жеткіншектерді әсемдік пен талғампаздыққа баулиды. Бал кезінде XVIII ғасырдағы вена вальсі, полька, менуэт сынды сан қырлы дәстүрлі билер қонақтарға ерекше әсер сыйлады.

Шара барысында жиналғандар арасында аукцион ұйымдастырылып, дарынды балалардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар саудаға қойылды. Бірегей өнер туындылары әркімнің қызығушылығын тудырды. Бәссаудадан жиналған 1 млн. теңгені мектеп басшылығы мүмкіндігі шектеулі 5 бүлдіршін мен обыр дертіне шалдыққан 2 балаға көмек ретінде табыстауды жоспарлап отыр.

Лариса Оралбаева, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

- Барлық жинаған қаражатты мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап отырмыз. Екі оқушымыз онкоаурумен ауырған, соларға көмек көрсетудеміз. Ойлаймыз, осындай шара арқылы біздің оқушылар қоғамдағы орнын, басқа адамдардың өміріне қосқан үлесін зор маңыздылығын ерекше түсінеді.

«Ізгілікті іс жасау арқылы жүректерге жылу сыйлай білген жандар - елдің ертеңі мен болашағы», - дейді ұстаздар. Сондықтан, тағлымға толы қайырымдылық шара жалғасын таппақ.

               

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу