Жеңіс ауылының тұрғыны қымызды ұзақ сақтаудың әдісін ойлап тауып, патент иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңіс ауылының тұрғыны қымызды ұзақ сақтаудың әдісін ойлап тауып, патент иеленді

25.10.2017

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Жеңіс ауылының тұрғыны қымызды ұзақ сақтаудың әдісін ойлап тауып, патент иеленді. Жасы сексеннен асқан кейуана бүгінге дейін қымызын баптап, ағайын-жұртты ұлттық сусынмен сусындатып жүр. Әжейдің қолынан Алаштың ақиық ақындары мен жазушылары, белгілі ғалымдар, басқа да сыйлы меймандар дәм татқан.

Оркен әжей биыл да қысқа қымыз қорын молынан жинады. Бүгінде ол кісінің тәсілін келіндері де меңгеріп алған. Әбден майланып, ысталған күбіде пісілген бие сүтін бабында тұрғанда жабады. Ол үшін шыны ыдысты жақсылап жуып, буға қояды. Әбден залалсызданған ыдысқа қымызды құяды. Мұндай қымыз ұзақ сақталады. 1992 жылы әжейдің осы әдіспен жапқан қымызын ғалымдар зерттеп, арнайы патентті берген.

Оркен Бердалина, ауыл тұрғыны:

- Көріп, анализ алып біздің қымыздан. Қайта, қайта зерттеп, ақыры өздері келіп дұрыс екен деді. 10 айдан да артық тұрады, бірақ 7-8 ай дейді ғой. Жақсы қымыздар жазға дейін тұра береді.

Қымызды баптаудың хас шебері Оркен әжей бастаған Жеңіс ауылының тұрғындары туралы тіпті белгілі ғалымдар да жазған. Жалпы, бұл шаңырақтың дастарханынан қысы-жазы үзілмейтін бал татыған қымыздан Ақселеу Сейдімбеков, Асанәлі Әшімов сынды ұлт зиялылары, аты елге танымал азаматтар мен жоғары лауазым иелері дәм татқан.

Қыдырбай Бердалин, ұлы:

- Ес білгеннен бастап анамыз үй шаруасына мығым болды. Әкей қызметкер болды. Үйден кісі үзілмейдІ. Қолөнерін жалғастырады кісі кеткен соң анамыз. Сосын шыны ыдысқа қымыз жабады. Қысты күндері сол жабылған қымызды жылқының етімен ішкен кездеріміз болды. Әлі күнге соны ішіп келеміз.

Оркен әжей сынды үлкендердің қымызды қастерлеу ісін бүгінде жастар үлгі тұтады. Тіпті, кейуананың қымыз жабу тәсілін жергілікті кәсіпкер де табысты қолданып отыр. Тәулігіне 700-1000 литр қымыз ашытып, заманауи құтыларға жабады. Сақталу мерзімі ұзақ бұл қымыз қазір Астана мен Қарағанды қалаларының сауда сөрелерінде самсап тұр.

Жақыпкерей Бердалин, құрылтайшы:

- Ай сайын сол 360 тоннаның үстінде қымыз жауып Астана, басқа қалаларға да өткізіп жатыр. Дәмі өте жақсы. Жақсы ысталып, жақсы сақталған өз деңгейіндегі қымыз болып есептеліп жатыр.

«Бие сүті түрлі дертке дауа», - дейді Оркен әжей. Қазақ халқы қастерлейтін қымыздың теңдессіз екенін бүгінде әлем ғалымдары да мойындап отыр. Сусын, әсіресе, бауырдың беріштенуі, туберкүлез, сары ауру, қатерлі ісік дертіне таптырмас ем. Тіпті Германия мен Австрия сияқты бірқатар елдерде фармацевтика мен косметология үшін кеңінен қолданылатыны аян.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу