Елімізде ұсақ құқықбұзушылықтар үшін айыппұл көлемі 30 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Бүгін Мәжілісте Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске енгізілетін өзгерістер бірінші оқылымда қаралды. Құжаттың шикі тұстары жетеді, депутаттар жауапты министрліктерге екінші оқылымға дейін дайындалып келуге кеңес берді.
Абайсыз жүріп айыппұл төлегендер көп. Солардың бірі Беркінғали Құрманғазиев. Асығыс кетіп бара жатып абайсызда ұсақ құқық бұзған. Бірден оған айыппұл салыныпты.
Беркінғали Құрманғазиев, қала тұрғыны:
- Өткен жылы қағазым қоқыс жәшігіне түспей, далаға түсіп еді. Бірінші рет жасаған үшін маған ескерту жасап, кешіріммен қараса болар еді. Олар бірден айыппұл салды.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте келтірілген кішігірім залал үшін азамат жауапкершіліктен босатылатыны туралы норма бар. Қолданыстағы кодексте және бүгін қарастырылған өзгерістерде бұл норма ескерілмеген. Әділет министрі кішігірім залалдың өлшемін айқындауға талпыныс болғанын, алайда, әлі ешқандай өлшем жоқтығын айтты.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
- Заң жобасын әзірлеу кішігірім залалдың өлшемін айқындауға талпыныс жасадық. Өкінішке қарай, бұл мәселеде мемлекеттік органдармен өзара келісімге қол жекізе алмадық.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Павлодар облысының кәсіпкерінен түскен хатты мысалға келтірді. Онда кәсіпкер 100 теңге лицензиялық алымын төлемегені үшін 318 мыңге айыппұл төлепті.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Сіз қазір екі-үш мемлекеттік орган «кішігірім залал» не екенін айта алмай отырсыздар. Оған 100 теңге қателесіп берді, ол барып төлеген. Келесі тексеруші сіз 100 теңге төлемедіңіз деп, лицензиясын алады, 318 мың теңге айыппұл салады. Ал, біз кәсіпкерлік үшін қолайлы жағдай жасап жатырмыз дейміз. Сондықтан, бұл норманы, бұл институтты қайтару керек, міндетті түрде.
Зиян келтірілмесе, жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін заң жобасын екінші оқылымда қарағанға дейін пысықтау қажеттігі атап өтілді.
Кейбір ұсақ құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдардың көлемін 30 пайызға төмендету ұсынылып отыр. Мәжіліс төрағасы ізгіліндеру жақсы іс алайда, тұтынушылардың құқығын қорғауымыз керек деді. Мәселен, ол сауданың құжатсыз жасау немесе сатып алушыларды таразыдан жеу. Бұл құқықбұзушылықтарға керісінше жазаны күшейту керек.
Саудагерлерге алданғандар дер кезінде арыз жазбайды. Биыл алданған он адамнан ғана шағым түсіпті. Тағы бір өзгеріс, әкімшілік құқық бұзғандарды қамауқа алу 3 сағаттан 24 сағатқа ұзарту көзделіп отыр.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл да ертеңгі қосымша қаржыны талап етеді. Өйткені, 3 сағаттан 24 сағатқа ұстайтын болсақ, оған ұстайтын орын керек. Бұның барлығын да санау керек. Оны Ішкі істер органдары қамтамасыз ете ала ма екен? Ертең тағы түрме саламыз деп ақша сұрап шығады.
Бұл өзгерту Кодекстің 50-бабына сәйкес келмейді. Өйткені, аяғы ауыр, кәмелеттік жасқа толмағандар ескерілмепті. Үкімет мүшелеріне тек Парламентке келгенде емес, заң жобасына мұқтият болуы керектігі айтылды. Депутаттар жол ережесін бұзып, жазадан құтылып кетеін шетелдіктер туралы да мәселе көтерді.
Жалпы, құжатты талқылау үшін 100-ден астам отырыс өтті. 1200 түзету қаралып, оның 40 пайызы енгізіліп отыр. Бүгін депутаттар айтқан сын-ескертпелер назарға алынып, екінші оқылымда қайта қаралады.
Индира БЕГАЙДАР