Соңғы уақытта елімізде темір жол билеттерін электронды сату жүйесі дамып келеді. Мәселен, қазір «Жолаушылар тасымалымен» айналысатын компания халықаралық «Амадеус» әуе билеттерін сату жүйесімен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде, осы жүйе арқылы бір жарым жылдың ішінде жарты миллионнан астам пойыз билеті өткен. Осыған байланысты компания ұжымы электронды жүйе арқылы билет сататын үздік агенттіктер мен ең көп қолданатын жолаушыларды марапаттады.
Дмитрий Трощий - жеке кәсіпкер. Сондықтан, ол ел ішінде пойызбен көп жүреді. Мәселен, жыл басынан бері ел ішінде 50 рет әр аймаққа қатынаған. Соның бәрінде билетті электронды жүйе арқылы сатып алған. Сондықтан, оған «Тальго» пойызымен 5 рет тегін жүретін сертификат табысталды.
Дмитрий Трощий, қала тұрғыны:
- Электронды түрде билет сатып алу аз уақыт алады. Оның үстіне ыңғайлы. Жолсерікке жеке куәлігіңді көрсетсең жетеді. Ал, билет туралы барлық ақпарат оның қолында тұрады.
Электронды билет сату технологиясы елімізде 2014 жылы енгізілген. Ал, 2015 жылы темір жол билеттері «Пошта бөлімшелерінде» сатыла бастаған. Қазір жүйе жетілдіріліп, халықаралық «Амадеус» әуе билеттерін сату жүйесі іске қосылды. Бүгінде Қазақстандағы 300-ден астам әуе агенттігі теміржол билеттерін де сатумен айналысады.
Асылхан Қалдыкөзөв, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры:
- Бұрын адамдар кассалардың алдында ұзын-сонар кезекке тұратын. Ал, жеке кассалар үстеме комиссиялық төлемдер талап етеді. Сондықтан, біз халыққа ыңғайлы болуы үшін түрлі заманауи әдістерді енгізіп жатырмыз.
Қазір елімізде теміржол билеттерінің 80 пайызы электрондық-сандық форматта рәсімделеді. Сондай-ақ, барлық жолаушының 30 пайызы, яғни үштен бір бөлігі билеттерді кассаға бармай интернет немесе терминалдар арқылы сатып алады. Сондықтан, «Халыққа тиімді болған жүйені одан әрі жетілдіреміз», - дейді мамандар.
Амангелді СЕЙІТХАН