Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының жартысынан көбі, яғни, 65 пайызы ескірген. Олардың пайдаланылып келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Сондықтан, фермерлердің техника паркін жаңарту жоспары ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясындағы картаға енгізілген. Жыл басында қабылданған бұл маңызды құжат 12 бағыт бойынша қырдағы тірлікті түлетуді көздейді. Яғни, өңдеу ісі, агрохимия, жер ресурстары, тұқым шаруашылығы сынды жаңғыртуды қажет ететін маңызды салаларға басымдық берілмек. «Осы арқылы біз нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз», - деді Қарағандыда өткен жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов. Бағдарламаның алғашқы жылы аяқталуға жақын. Бір жыл ішінде кемшін тұстары мен ескерілуі тиіс міндетті өзгерістер анықталған.
Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Ауыл шаруашылығы министрі Елбасының қабылдауында болды. Сонда осы картаны, қандай өзгерістер керегін, қандай көмек болатынын көрсетті. Соны қазір енді аймақтарға шығып, бөліп барлығын қарадық.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ