Ел қамбасына жарты миллион тонна дән құйылды. Бұл - тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен көрсеткіш. Жиын-терім яқталған соң толағай табысқа жеткен еңбекшілерге лайықты сый-құрмет көрсету Сыр өңірінде дәстүрге айналған. Озат деп танылғандар «Алтын дән» мерекесінде марапатталып, құрмет көрсетілді.
Сыр диқандары биыл 91 мың гектар жерге күріш егіп, мол өнім жинады. Бұл елдің несібесі. Төртінші жыл қатарынан рекордық көрсеткішке қол жеткізген шаруалардың көңілі тоқ. Жаңақорған ауданы көш бастады.
Ғалым Әміреев, Жаңақорған ауданының әкімі:
- Біз жылда 7 800 гектарға егіп жүрсек, биыл 10 мың гектарға жеткіздік. Сосын ескі сорттарды ауыстырдық, Маржанды Лидер мен Фаворитке ауыстырдық. Ең үлкен өзгеріс болған жаңа техника, технология, жаңа сорттарды енгізу.
Ал, шаруашылықтар арасында Қармақшы ауданының «Ақтөбе және К» серіктестігі үздік деп танылды. Былтыр ирандық күріш егіп, оны тәжірибеде сынап көрген шаруашылық Таром-Хошеми сортының әр гектарынан 76,5 центнерден өнім жинады. Нәтиже өте жоғары. Қазір шаруашылық шетелдік компаниялармен келісімшарт жасап жатыр. Яғни, өнімді кеңінен саудалап, мол табыс таппақ ниетте.
Нұрлан Іздібаев, шаруашылық төрағасы:
- Иранның күрішінің Таром Хошеми сортының Қызылорда облысында өсетініне көз жеткеннен кейін, соңынан қалмай жүріп, осындай нәтижеге қол жеткізіп жатырмыз. Иран күрішінің өнімділігі өте төмен, бірақ, нарықтағы бағасы өте жоғары. Бізде егіліп жатқан Янтарь, Лидер сорттарымен салыстырғанда оның нарықтағы бағасы 7-8 есеге жоғары.
Сыр диқандарына Елбасы ерекше ризашылығын жеткізіп, арнайы жеделхат жолдады. Ең үлкен құрмет осы. Күрішшілер «табыстың басты кілті - тынымсыз еңбек және мемлекеттің қолдауы», - дейді.
Бақыт Жақанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Тұқымға байланысты беріп жатқан субсидия көлемі көбейіп және оған бірегей тұқым өндіру, супер элита тұқымына субсидия төлене бастады. Бұл үлкен көмек болды шаруашылықтарға. Жоғары репродукциялы тұқым себуге мүмкіндік берді.
«Алтын дән» мерекесінің тағы бір қызығы - жәрмеңке. Молшылық маусымында еңбеккерлер ала жаздай атыз жағалап, маңдай термен өсірген өнімдерін қала тұрғындарына ұсынып, еңбегінің жемісін көреді. Жеті аудан облыс орталығына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік әкеліп, саудалады. Баға нарықтан әлдеқайда төмен.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ