Қуандық Бишімбаевке қатысты негізгі сот қарауы қарашаның жетісіне белгіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қуандық Бишімбаевке қатысты негізгі сот қарауы қарашаның жетісіне белгіленді

01.11.2017

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевке қатысты негізгі сот қарауы қарашаның жетісіне белгіленді. Бүгін судья Әділхан Шайхислямов осындай шешім шығарды. Сондай-ақ, ол адвокаттар айтқан арыз-шағымдардың басым көпшілігін қанағаттандырмады. Дегенмен, қорғаушылардың бұқаралық ақпарат құралдарында фото және бейне материалдар жариялауды шектеу, ноутбук қолдануға рұқсат беру секілді өтініштері ескерілді. Сонымен бірге, прокурорлар жаңа өзгерістер енгізген айыптау актісін де бүгін адвокаттарға қолма-қол таратты. Естеріңізге сала кетсек, экс-министрге аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылып, биылғы қаңтар айының басында қамауға алынған болатын. 

 Сәлімжан Мусин, адвокат:

 - Прокурорлар жаңа айыптау актісін дайындаған. Бүгін сот сол актімен танысуға рұқсат берді. Мен өткен айда осы айыптауға қатысты құжаттарды сұратқан болатынмын. Алайда, құжат енді ғана қолымызға тиіп отыр. Яғни, біз дәл қазір айыпталушыларға қандай айып тағылғанын да білмейміз. Енді аз уақытта құжатпен мұқият танысуымыз керек. 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу